$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.09.2020, 22:52
Қоғам

Табиғат аясындағы демалыс нысандарында «Сергек» секілді камералар орнатуды ұсынамын – экоактивист Әсем Омар

Экоактивист Ә.Омармен еліміздегі қоршаған ортаны, жануарларды қорғау және экотуризм туралы сұхбат

Табиғат аясындағы демалыс нысандарында «Сергек» секілді камералар орнатуды ұсынамын  – экоактивист Әсем Омар
Фото: ашық дереккөзден

1 қыркүйек күні қоғам белсендісі Әсем Омар қоғамның назарын қоршаған ортаны қорғауға аудару мақсатында Елорда маңындағы Көбейтұз көліне барып, «Аяла-Аяма» атты пикет өткізген болатын. Оның білім күні қарсаңында экологиялық мәдениет пен білімге үндеген әрекеті жұртшылық тарапынан оң бағаланып, БАҚ беттерінде жазылды. Azattyq Rýhy тілшісі Ә.Омармен еліміздегі қоршаған ортаны, жануарларды қорғау саласындағы мәселелер мен экотуризм туралы сұхбаттасты.

- Әсем, біздің елімізде батыстағы секілді экоактивистер көп емес. Экология проблемалары өзіне қатысты еместей ойлайтындар да бар. Сіздің белсенділігіңізге не түрткі болды?

- Мен экология тақырыбын өз ортамда бұрыннан көтеріп жүретінмін. Себебі біраз жыл Жапонияда тұрдым. Ал Жапония түрлі техника, электроника шығаратын өндірістік держава болса да, экологияны әрқашан бірінші орынға қоятын мемлекет. Адамдар орташа есеппен 105 жыл өмір сүреді. Денсаулықтары жақсы, ауруханаларының көбі бос тұрады. Осының бар құпиясы экологияда екенін кейінірек анық ұқтым. Азаматтарының экологиялық мәдениеті, жөнсіз қоқыс тастамайтыны кім-кімге де үлгі болады. Осындай халықты көріп, Қазақстанда да азаматтардың қоршаған ортаны сақтауда белсенділігін арттыру керек екенін ойландым. Ал Көбейтұзды Түркиядағы Памуккале термалды суларымен салыстыруға болатын шығар. Міне, сол жерде түріктер инфрақұрылымды дамыту, тәртіп орнату арқылы танымал туристік орынға айналдырып жіберді. Күллі дүниежүзі «ақ мамықтарды» көруге сонда ағылады. Ал біз өзіміздегі жаңа ғана ашылған ғажайыптың аз уақытта күл-талқанын шығардық. Көлге көлікпен кіріп бару деген нағыз көргенсіздіктің өзі. Сол жағдайдан кейін жағамды ұстап, құр қарап отыра алмадым. Тағы бір айта кететіні – көлдегі тұздар әлі толық зерттелген жоқ, пайдалы немесе зиян екені белгісіз. Осыған көз жеткізбестен бас салу да экологиялық мәдениеттің төмендігінің көрсеткіші деп білемін.

- Пикетте қолыңызға «Аяма», «Аяла» сөздерін жазып шықтыңыз. Онымен не айтқыңыз келді?

- Осы қазақтың екі сөзіне қарап бір әріп бір әлемді өзгертетінін байқауға болады. Таңдау сізде. Аялайсыз ба? Әлде аямайсыз ба? Аяласаңыз ертең ұрпағыңыз да сол жерге барып, сұлулықты көреді. Ал аямасаңыз артыңыздан ештеңе қалмайды.

- Қазақстанда қоршаған ортаға салмақ түсірмей демалуға мүмкіндік ашатын экотуризм саласы қолға алынуда. Бұл бағытта отандастарымыздың экологиялық мәдениет деңгейін есепке ала отырып қимылдаған дұрыс шығар?

- Елімізде табиғаты сұлу жерлердің көп екеніне карантин кезінде тағы бір көз жеткіздік қой. Шекара асып, демалып жүре бергенде Көбейтұздың да бар екенін білмей қалар ма едік?! Экотуризм қолға алынғанда адамдар тәртіп бұзбас үшін табиғат аясындағы демалыс нысандарында көшедегі секілді «Сергек» камераларын орнатуды ұсынар едім. Оны «Экосергек» деп атау керек шығар. Бұл идея көп кісілерге ұнамауы мүмкін, бірақ үлкен қалаларда адамдар сол «Сергектің» арқасында қауіпсіздік белдігін тағып, жылдамдықты азайтып жүретін болды. Статистикаға сүйенсек, көлік апаттары біршама азайды. Сондықтан адамдардың қоршаған ортадағы мәдениетін өсіру үшін де қатаң тәртіптерді енгізген дұрыс.

- Жақында әлеуметтік желіде «жануарларды азаптау ең алдымен баланың психологиясына көңіл бөлу керегін көрсетеді» деп жазыпсыз. Сіздің балаларыңыз үй жануарларын жақсы көре ме?

- Біздің үйде мысық бар. Мүмкіндік болса, ит те ұстар едік. Бірақ көпқабатты үйде тұрған соң, асырай алмаймыз. Ал мысыққа кішкентай ұлым өзі қарайды, өзі күтіп, тамағын береді, суын құяды. Тіпті, көшеде мысық көрсе де менен ақша сұрап, тамағын алып беріп жүреді. Әлеуметтік желіде күнде көріп жүргендей, жануарларға жасалған зорлық-зомбылық, әрине, жанымызды ауыртады. Ондайды жасайтын адамның бойына қатыгездік бала күнде сіңген шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, қазақ итті жеті қазынаның бірі деп санаған халық. Мысықты да мұсылман халықтары аса қатты қадірлейді. Балама жануарлардың да біз секілді жаны ауыратынын, олардың да сезімі, махаббаты бар екенін, олар да бізбен бір планетада өмір сүретін жаратылыс екенін жиі айтып отырамын. Мұндай қатыгездіктер бұрын да болған. Тек қазір интернет, әлеуметтік желіге бәрі салына беретіндіктен жиі көре бастадық. Қазақстандықтар күрт өзгеріп, қатыгез болып немесе мәдениет деңгейі түсіп кетті деп айтудан аулақпын. Дегенмен Еуропа елдері, жаңа мен айтқан Жапония секілді экоәдептерді қалыптастырып, көштен кері қалмауымыз қажет. Қазақтың өсімдіктерге, жануарларға қатысты ырым-тыйымдары, үлгілі әңгімелері онсыз да көп қой. Соларды тренд етсек, ұтылмаймыз.

- «Nur Otan » партиясының праймеризіндегі бағдарламаңызда экологияға байланыста қандай нақты ұсыныстар бар?

- Менің идеям, әрине табиғатты сақтау. Экосауаттылықты, экомәдениетті арттыруға бар күшімді салып, атсалысқым келеді. Дегенмен, адамдарға бұл бағытта қанша насихат жүргізіп, дұрыс бағытқа бұрғанмен, ірі өнеркәсіп орындарының атмосфералық ауаны ластауын шектемесе, нәтиже болмайды. Сондықтан өндірістен шығатын лас қалдық үшін салынатын айыппұл ақшасын толығымен экологиялық зардаптарды жоюға пайдалануды жолға қою керек деп есептеймін. Әр өнеркәсіптің өзі ауасын бұзған, суына зиян келтірген жердегі жауапкершілігін арттыру керек. Сосын қазір антиэкология идеологиясы бізде де қатты жұмыс істеп тұр. Оның бір көрінісі – тұтынушылық әдеттің шектен шығуы. Жарнама әсерінен көп сатып алуға ұмтыламыз. Бір телефон аласыз да, келесі айда жаңа «версиясына» көшесіз. Көлікті сатып алу да сондай. Адамдар «көршіңнен, айналаңнан қалып қойма» мағынасындағы еліктіруге еру арқылы қоршаған ортаға зиян келтіріп, ресурстарды сарқып, қалдықты көбейтіп жатқанын сезінбейді. Осы бағыттағы жұмыстарды да жолға қоюымыз қажет.

- Сұхбатыңызға рахмет, сәттілік тілейміз!

Серіктес жаңалықтары