Зеренді саяжайындағы тұрғындар биліктің назарынан тыс қалғанына наразы
Көкшетау қаласының іргесіндегі Зеренді трассасының қос қапталында Кеңес заманынан бері келе жатқан саяжайлар бар. Бұрын мұнда адамдар жаз кезінде бау-бақша өсіріп, қыстық азығын қамдайтын. Алайда тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде Зеренді күре жолындағы саяжайлардан сән кетіп, иесіз қалған жер учаскелері жарықсыз, жолсыз қалған. Соған қарамастан, кей тұрғындар саяжайдан жер алып, баспана салып, қысы-жазы сонда тұрып жатыр.
Құжатын жасатып, жарығын орнатып алғанымен, саяжайда әлі де шешімін таппаған әлеуметтік мәселелер шаш-етектен. Әсіресе, қаладан қалдық таситын «КамАЗ» көліктері күл-қоқысты саяжайдың дәл түбіне әкеп төгеді екен. Саяжай тұрғындары осы мәселе бойынша жергілікті билікке талай рет хат жазып, шағымданған. Алайда саяжай маңы полигонға айналып, керісінше, қоқыс көптеп төгіліп жатыр екен.
«АҚША ТӨЛЕМЕС ҮШІН ҚОҚЫСТЫ САЯЖАЙ МАҢЫНА ТӨГЕДІ»
Жалпы, саяжайда бұдан өзге де мәселе жетерлік болып шықты. Жылдар бойы қордаланған жағдайды Azattyq Rýhy тілшісі өз көзімен көріп, тұрғындардың шағымын тыңдап қайтты.
«Кеңес уақытында бұл жерде ұсақ қиыршық тастар өндірілетін карьер болған. Қазір бұл ойыс түгелдей күл-қоқысқа толды. Ол саяжайдың дәл түбінде болғандықтан, сасық иіс қолқаны қабады. Тұрмыстық қалдықтардан бөлек, құрылыс, шөп, тіпті, жануарлардың өлекселеріне дейін әкеліп тастайды. Тұтас қала халқының көпшілігі қоқысын полигонға емес, осында тасымалдауды әдетке айналдырған. Өйткені қоқысты арнайы полигонға апарып төгуі үшін ақша төлеуі тиіс. Ал қоқысты мұнда әкеліп төксе, ешкім ақы алмайды. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Жаз келсе, барлық қоқыс желмен бірге бау-бақшамызға ұшады», - дейді Гүлмира Серікжанқызы есімді саяжай кооперативінің төрайымы.
Гүлмираның айтуынша, саяжайдағылар бірлесіп ақша жинап, бағандар орнатып, айналасын темір тормен қоршаған. Бірақ қоқыс төгетіндер оған да қарап жатқан жоқ.
«Қоршаудың сыртына дейін шашып-төгіп кетеді. Қала әкімдігіне, тиісті органдарға бұл жабайы қоқыс алаңын жабуды сұрап хат жаздық. Әлі күнге еш нәтиже жоқ. Айыппұл салынып, жазаға тартылмаған соң, халық білгенін істейді. Ал көңірсіген улы қалдықтардан түрлі ауру тарап, экологияға да кері әсері болатыныны ешкімді алаңдатпайтын сияқты.
Одан бөлек, мұндағы жұрт электр энергиясы үшін тарифті заңды тұлға ретінде төлейді. Біз де қарапайым адамбыз, ештеңе өндіріп жатқан жоқпыз. Электр желілері, бағандар мен трансформаторлар әбден тозған. Оның бәрі бақташылық серіктестіктердің мойнына ілінген. Тіпті, біз заңды тұлға ретінде тіркелмегенбіз. «Көкшетау Энерго» ЖШС осыған байланысты бізден салық органдарында тіркелуімізді талап етіп отыр. Олай етпесек, жарықты ажырататынын айтып қорқыттты. Ол үшін мен бақташылық серіктестіктегі 265 саяжайдың иелерінің келісімін алуым керек. Бірқатары қолдарын қойғанымен, көпшілігі келіспей отыр», - дейді Гүлмира Серікжанқызы.
САЯЖАЙЛАРДАҒЫ 9 МЫҢНАН АСТАМ ЖЕР УЧАСКЕСІ ИЕСІЗ ҚАЛҒАН
Бұл мәселелерді ондаған жылдан бері көтеріп келе жатқан Николай Кузьменко саяжайлардағы күрделі жайдың бүге-шүгесіне дейін айтып берді.
«Мен Көкшетау қаласындағы коммерциялық емес бақташылық серіктестіктерді дамыту қоғамының басшысымын. Билікке он бес жылдан бері аталған мәселелерді айтып, тартысып келемін. Көкшетау маңында 23 мыңнан астам бақташылық жер учаскесі бар. Оның 19 мыңға жуығы Зеренді трассасы бойында, 4 мыңға жуығы Красный Яр жолында және 240 жер учаскесі Еленовка трассасы бойында орналасқан. Жалпы, 1600 гектар аумақ ауыл шаруашылығы мақсатына арналған. Кеңестік кезеңде салынған инфрақұрылымдардың 70 пайыздан астамы әбден ескірген. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында салынған электр бағандары мен тартылған желілер, бау-бақшаларды суаратын құбырлар тозған. Ал мұндағы бақташылық серіктестіктерге кіретін қала тұрғындарының 90 пайыздан астамының тұрмыс жағдайы төмен. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтып, саяжайдағы бақшасындағы азғантай өнімімен күнелтіп отыр. Көпшілігі зейнет жасындағы қариялар. Бірақ электр энергиясы үшін заңды тұлғалармен бірдей төлейді. Өйткені, бақташылық серіктестіктердің бәрін заңды тұлға деп есептейді», - дейді ол.
Николай Кузьменко бұл мәселені «Көкшетау Энерго» басшылығына, қала және облыс әкімдігіне айтып шағымданған. Тіпті, Мәжіліс пен Сенатқа, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін хат жазған.
«Бір айта кетерлігі, саяжайдағы бақташылық серіктестіктердің ешқайсысы әділет органдарында заңды тұлға ретінде тіркелмеген. Соған қарамастан, электр энергиясы үшін қымбат төлейді. Жергілікті қала әкімдігінен саяжайларды дамытуға қаржы бөлуін де сұрадық. Олар бұған бюджет классификациясы болмағандықтан қаржы бөле алмайтындарын айтады. Тағы бір өзекті мәселе - саяжайлардағы жер учаскелерінің 9 мыңнан астамы иесіз қалған. Иесіз қалған саяжайларды қурай басқан. Бірақ іс жүзінде қолына құжат ұстаған иелері бар. Олар учаскені екі жыл ішінде тиісті мақсатта пайдаланбаса, мемлекет меншігіне қайтаруы тиіс. Аталған істі тексеріп, тиісті шара қолдануы тиіс жергілікті жер комитеті де бұған мән бермейді. Бірінен соң бірі ауысқан басшылық тіпті, бұл жағдайдың барынан хабарсыз. Ал қараусыз қалған саяжайларда ұрлық пен тонау, басқа да қылмыстық оқиғалардың болып жатқаны тағы бар.
Тұрғындарды алаңдататын тағы бір жайт – автобус қатынасы. Қоғамдық көліктер мұнда тек жазғы маусымда ғана қатынайды. Қыс түскенде саяжайға жету азапқа айналады. Қазір мұнда 300-ден астам отбасы қысы-жазы тұрып жатыр. Олардың балалары мектепке барады ғой. Осыны қала, облыс әкімдігіне қайта-қайта айтып жүріп, №36 автобустың тұрақты қатынайтын еткенбіз. Бірақ автобус иелері адамның аздығын айтып, көбіне жүрмей қалады», - дейді Николай Кузьменко.
Осы мәселе бойынша облыстық Экология департаментінің басшылығымен хабарластық.
«Иә, бұл жағдайдан хабардармыз. Қала және облыс аумағындағы стихиялық қоқыс мәселесі бойынша құқық қорғау органдарымен бірлескен шаралар жүзеге асырылып жатыр. Арнайы жедел желі іске қосылды. Тұрғындар көліктердің қоқыс түсіріп жатқанын видеоға түсіріп, полицияға жіберуі тиіс. Тек сонда ғана істен нәтиже шығып, қоқыс мәселесіне тоқтау болмақ. Ал біз еш дәлелсіз әкімшілік шара қолдана алмаймыз», - дейді Ақмола облысы Экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметов.
Тұрғындарды алаңдатқан қоқыс пен автобус қатынасы мәселесін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жолдадық. Алайда ведомство басшысы саяжайға еш қатысы жоқтығын айтып, тұрғындар көтерген жайттан басын алып қашты.
«Саяжайлардың мәселесіне біз араласа алмаймыз. Бәрі олардың өз қолында. Өйткені олар бақташылық серіктестік болғандықтан, әрбір істі өз қаражатымен шешуі тиіс. Стихиялық қоқыстарды жаба ма, бейнетаспаға түсіріп полицияға беріп жауапқа тартқыза ма, өздері біледі.
Автобус қатынасына келсек, саяжайларға тек жазғы маусымда ғана автобус жүреді. Қоғамдық көлік қатынасының тендері ойнатылғанда, №36 автобус қыстыгүні демалыс күндері саяжайларға жүретін болған. Алайда, саяжайларға қыста баратын адамдардың аз болуына байланысты қалалық автобус паркі хат жазып, жүрмейтін болды. Мектеп оқушылары қалалық білім бөлімінен бөлінген «Газель» көлігімен тасымалданады», - дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Юрий Шедловский.
Саяжайдағы жарық мәселесін «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен сұрадық.
«Саяжайлар бақташылық серіктестік болғандықтан, заңды тұлға саналады. Сондықтан жарықты да заңды тұлға ретінде қымбат бағада төлейді. Барлық электр желілері, трансформаторлар олардың өз меншігінде болғандықтан оларды жөндеуге, түзетуге араласа алмаймыз. Біз тек электр энергиясын берушіміз», - дейді «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің баспасөз хатшысы Еркін Сейітов.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы