Ақмола облысында мемлекеттік тілде қаралатын істердің 7,5%-ы ғана қазақ тілінде

Автор: Azattyq Rýhy

Облыстық соттың төрағасы сот істерінің мемлекеттік тілде қаралу деңгейі өте төмен екенін айтты

Ақмола облысында мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басым бөлігі ресми құжаттар мен талап арыздарды тек орыс тілінде ғана жібереді. Бұл туралы облыстық сотта «Мемлекеттік тілдің сот саласындағы қолданыс аясы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды.

Облыстағы аудандық және қалалық сот төрағалары, облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан жиын бейнеконференция түрінде өтті.

Жиынды ашқан Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмірдің айтуынша, облыста сот істерінің мемлекеттік тілде қаралу деңгейі өте төмен. Облыс соттарының мемлекеттік тілде қарайтын барлық істер мен материалдардың пайыздық көрсеткіші (2016 жылы – 1,3%, 2017 жылы – 3,3%, 2018 жылы - 3,8%, 2019 жылы – 5,0 %) 2020 жылдың 8 айында - 7,5% ғана.

«Қазақстанда мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасалған, заңнамалық және құқықтық база, мемлекеттік бағдарламалар, концепциялар, мемлекеттік тілді дамыту бойынша ведомстволық жоспар құрылған. Ал, әрбір мемлекеттік қызметшінің мақсаты тек қана заң нормаларын сақтау, азаматтардың тіл таңдауға деген құқығын бұзбай, оны дұрыс қолдану ғана. Мемлекеттік тілді білмейтін бірде-бір азамат болмау керек. Тілді білу міндет екені «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңында белгіленген. Неге мемлекеттік тілдегі заң үстемдігін қамтамасыз етпейміз» - деді  Досжан Әміров.

Сот төрағасы құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекеме басшыларын сотқа құжатты қазақ тілінде жолдау қажеттігіне назар аударды.

Ақмола облыстық сотының мәліметі бойынша, бірқатар құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер мемлекеттік тілді қолдану заңнамасының бұзылуына жол берген. Мәселен, осы жылдың 8 айында барлық облыс соттарына түскен мемлекеттік мекемелер мен органдардың құжаттарының басым бөлігі тек орыс тілінде түскен. Осыған байланысты сотта 872 іс қаралып, мекеме басшыларына жеке 62 ұйғарым шығарылған. Атап айтқанда, жалпы түскен 1890 талап арыздың тек 544-і қазақ тілінде болған. Мәселен, облыс әкімдігінен түскен құжаттардың 66,2 пайызы, Білім беру басқармасынан 13,6 пайызы, Денсаулық сақтау басқармасының 66 пайызы, Әділет департаментінен 6,1 пайыз, Полиция департаментінің 7,2 пайызы ғана мемлекеттік тілде жолданған. 

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы