Қазақстанда екінші рет коронавирус жұқтырған бірде-бір адам тіркелген жоқ
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі бірқатар сұрақтарға жауап берді

ДСМ ресми өкілі Бағдат Қожахметов ОСК-да өткен брифингте сенбі-жексенбі күндеріндегі локдаун қашан алынады және екінші тоқсанда оқушылар қайта мектепке орала ма деген сұрақтарға жауап берді.
«Сенбі-жексенбі күнгі шектеулер КВИ-мен ауырған науқастар санының пайыздық көрсеткіші азайған жағдайда ғана алынады. Бүгінде емханада бас-аяғы 4600 науқастың болуы көрсеткіштің төмендегенін білдіреді. Тағы бір айта кететіні, күні бүгінге дейін Қазақстанда КВИ-мен екінші рет ауырған бірде-бір науқас тіркелмеді. Ал, оқушылардың оффлайн оқу режиміне оралу мәселесіне келсек, бірінші тоқсанда ереже өзгермейді. Екінші тоқсанда елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағдай өзгеруі мүмкін. Оны қазір нақты айта алмаймыз», - деді ресми өкіл.
Айта кетейік, бүгінге дейін Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы екпе алу үшін 600 адам іріктеліп алынған. Аталған еріктілерге ешқандай ақша немесе басқа да материалдық түрдегі сыйлықтар бөлінбейді. Мемлекет тарапынан тек олардың денсаулығын сақтандыруға кепілдік беріледі.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан