Індеттен қайтыс болған 13 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден берілді
11 қыркүйек күні сағат 09:00-дегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан COVID-19 инфекциясын жұқтырған және вирустық пневмониямен ауырған 1429 медицина қызметкеріне өтемақы төленді. Сондай-ақ індеттен қайтыс болған 13 медицина қызметкерінің туыстарына 10 млн теңгеден төлем аударылды.
Өңірлер арасында COVID-19 жұқтыру немесе вирустық пневмониямен ауыру салдарынан ең көп төлем алған – Нұр-Сұлтан (260) және Алматы қалаларының (191), Алматы (119), Қарағанды (110) Ақмола (110) облыстарының медицина қызметкерлері.
Айта кетейік, коронавирус инфекциясын жұқтырған немесе вирустық пневмониямен ауырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге өтемақы, ал коронавирус инфекциясын жұқтырып немесе вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған дәрігерлердің отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы төленеді.