«Жәрдемақы алып береміз». Түркістанда алаяқ шенділер тұрғындардан 13 млн теңге жинап алған

Автор: Azattyq Rýhy

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері 4 жылға сотталды

Фото: ашық дереккөзден

Былтыр күзде Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек көрсету секторының меңгерушісі А.Сапаров пен оның танысы М.Сулейменованың алаяқтық қылмыстық әрекеттері әшкереленді, деп хабарлайды Отырар телеарнасы.

«Аталған азаматтар 2018 жылдың наурыз айынан бастап 1,5 жыл бойы қала тұрғындарына мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақы шығарып береміз деп алдап, алаяқтық жолмен ақшаларын жымқырып келген. Олар өз қызметтері үшін әрбір адамнан 20 000 теңгеден бастап 240 000 теңгеге дейінгі мөлшерде сыйақы алып отырған. Осындай жолмен 80 адамнан 5 млн теңгеден астам қаржыны алаяқтық жолмен иемденіп алған», - делінген ақпаратта.

Одан бөлек, олар Кентау, Түркістан қалаларында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынған үйлерден пәтерлер алып беремін деп алдап, 11 адамның 8,2 млн теңгесін иемденіп кеткен. Аталған тұлғаларға қатысты Түркістан қаласының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, іс қалалық прокуратурамен бақылауға алынып, сотқа дейін жеткізілді

«Жақында Түркістан қалалық сотының үкімімен экс-шенділер Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енді»,- деп хабарлайды телеарна.