Таразда мемқызметкерлер қызметтік пәтерлерін жалға берген

Автор: Azattyq Rýhy

Кейбірі қаңырап бос тұр

Egemen.kz

Тараз қаласында мемлекет тарапынан берілген қызметтік пәтерлер қолдан қолға өтіп, мемқызметкерлердің қосымша табысына айналған. Бұл туралы «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ұйымдастырған рейд барысында белгілі болды.

Жемқорлықпен күресу үшін құрылған кеңсенің қызметкерлері ондаған пәтерді аралап көрді. Белгілі болғандай, олардың біразы жалға берілсе, кейбірінде мүлдем адам тұрмайды. Тіпті, бірнеше ай бойы коммуналды төлемдер төленбеген пәтерлер де бар.

«Өзім 13 пәтерді аралап көрдім. Олардың ешбірінде өз иесі тұрып жатқан жоқ. Есігін ашпаған соң көршілерімен сөйлестім, 3-4 айда бір келеді дейді. Кейбірінде мүлдем басқа адамдар тұрып жатыр», - дейді «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Назима Жұбандықова.

Мемлекеттік қызметкерлермен көрші болған тұрғындардың бірі қызметтік пәтердің сатылып кеткенін де айтып қалды. Алайда, қалалық әкімдіктегілер мұны жоққа шығарып отыр.

«Жоқ, қызметтік пәтер сатылмайды. Тек Тұрғын үй қатынастар заңына сәйкес, егер сол қызметтік пәтерге ие болған қызметкер мемлекеттік қызметте он жылдан астам өтілі болса ол өзі тұрып келген қалдық құнымен сатып алалады», - дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

Таразда барлығы 108 үй мемлекеттік қызметтегілерге берілген. Оның 48-і ротациялық, яғни қызметі аяқталғанша тұра алатын пәтерлер. Ал қалған баспаналар жұмыс өтіліне байланысты сатып алуға жол берілген. Мұндай мүмкіндік тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана беріледі. Одан бөлек, Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара қызметі мен прокуратурадағы жоғары лауазымды тұлғалар да иемдене алады.