Ескене және Таскескен кенттерінде ұялы байланыс сапасы өте нашар
Атырау облысы Мақат ауданының екі ауылында оқушылар үйдің төбесінде оқиды. Өйткені, аталған екі кентте ұялы байланыс өте нашар жұмыс істейді, деп хабарлайды «Ақ жайық». Тұрғындар оқу жылы басталғанша мәселені шешпеген жергілікті биліктің бейқамдығына наразы.
«Қашықтықтан оқытуға көшкенге дейін менің екі жиенім мектеп-интернатта оқыды. Шәріпова Доссор кентінде. Қазір олар үйде онлайн режимінде оқиды. Жасырып не керек, биыл олар дұрыс оқып жатқан жоқ. Басты мәселе - ұялы байланыс жоқ. Оқу жылының басынан бастап олар мектеппен байланыса алмады. Сондықтан олар оқып та жүрген жоқ»,- деді Ескене ауылының тұрғыны Серік Тұржанов.
Таскескенде де жағдай дәл осындай.
«Ескене елді мекенінде 22, Таскескенде 6, ал №441 разьезде 2 оқушы бар. Бұл ауылдарға ұялы байланыс жылдамдығын арттыру үшін бастапқыда «Қазақтелекоммен» келісімге келгенбіз. Енді олар бас тартып отыр, олар үшін аз үйге желі жүргізу күлдей шығын екен. Енді «Казтранском» АҚ осы елді мекендерге интернет тартып беруге келісіп отыр. Ескене ауылындағы сегіз үйге қосылды. Бұл жұмыс қазанға дейін жүреді», - дейді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Азамат Шанғалиев.
Әкімдік өкілі жағдайы төмен отбасыларындағы әр балаға 25 мың теңгеден көмек берілгенін айтты. Сол ақшаны біріктіріп, оқушылар ұялы телефон сатып алады деп есептейді.