Өткен тәулікте коронавирус пен пневмониядан 12 адам қайтыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

ДСМ 3 қыркүйектегі ахуалды хабарлады

Фото: ашық дереккөзден

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясымен ауырғандарға қатысты соңғы ақпаратты жариялады. Ведомствоның хабарлауынша, өткен тәулікте 88 адамның коронавирус жұқтырғаны және 571 адамның коронавирус пневмониясымен ауырғаны анықталған.

Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясынан 6 459 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 34 бала бар. Стационарларда 3 196 науқас жатыр. 3 266 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

Жалпы, науқастардың арасында 171 адамның ахуалы нашар. Соның ішінде, 19 науқастың жағдайы аса қатты ауыр деп бағаланып отыр. 28 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

Өткен тәулікте республика бойынша коронавирус инфекциясынан 6 адам, вирустық пневмониядан 6 адам көз жұмған.