Ауылда өркениеттің бірде-бір белгісі жоқ
Ақтөбе облысындағы Құмсай ауылында балалар сабақты далада өтіп жатыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы. Көпбалалы жиырмаға жуық отбасының балалары осындай жағдайда білім алуға мәжбүр.
Белгілі болғандай, бұл отбасылар биыл жазда мемлекеттік бағдарлама аясында Құмсай ауылынан үй алып, сонда көшірілген. Алайда, алған үйлері қирағалы тұр, ал ауылда не мектеп, не дүкен жоқ.
«Оразалин (Ақтөбе облысының әкімі – авт.) үйдің кілтін табыстағанда «бәрі керемет болады, газ береміз» деген еді. Алайда, бұл уәделердің бірде-бірі келісімшартта көрсетілмеген. Келісімшартқа қол қойдық, бірақ онда өз есебімізге коммуникация жүргізсін деген жері жоқ», - дейді Құмсай ауылының тұрғыны, төрт баланың анасы Айнұр Әлжанова.
Ауылда мектеп, аурухана, емхана, фельдшерлік орталық, тіпті дүкен де жоқ. Азық-түлік алу үшін көпбалалы аналар 8 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына қатынайды. Автобус жүрмейді. Таксилер барып келу үшін 1000 теңге сұрайды екен. Мобильді байланыс та атымен жоқ. Оқушылар қазір білім алу үшін жазық далаға шығып, интернет іздеумен уақыт өткізеді.
«Амал жоқ, далаға шығып сабақ оқып жүр. Аудандық білім бөлімінің басшысы 10 қыркүйекке дейін роутер жеткізіп беремін деп уәде берді. Сонда біз он күнді жоғалтамыз ғой», - дейді көпбалалы ана.