Орта Азия елдері арасында Қазақстан мен Қырғызстан ғана мектеп оқушыларын қашықтан оқытады

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түркіменстан елдерінің жаңа оқу жылына дайындығын сөз етеміз

Көрнекі фотолар turkmenportal.com, uzdaily.uz сайттарынан алынды

Қазақстанда 1 қыркүйекте мектеп оқушыларының 80%-ы сабақты қашықтан оқиды. Оқушылардың шамамен, 15%-ы ғана ата-анасының өтініші бойынша бір топтағы бала саны 15-тен аспайтын кезекші сыныптарға барады. Олардың дені – биыл мектеп табалдырығын аттайтын 1-сыныпқа баратын оқушылар болмақ. Кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баланы мектепке жіберуге 530 мың ата-анадан өтініш түскенін, оның 202 мыңы облыс, аудан орталықтарынан шалғайда тұратын ауыл тұрғындары екенін айтты.

Azattyq Rýhy Қазақстанға алыс-жақын ел Үкіметтерінің биылғы оқу жылына байланысты шешімдеріне шолу жасап көрді. Белгілі болғандай, Орта Азия мемлекеттерінде оқушылардың көбі санитарлық талаптарды сақтай отырып, мектепке барып сабақ оқитын болған.

РЕСЕЙ

Ресей пандемия жағдайында күндізгі оқудың жаңа форматына қызу дайындықты бастап кеткен. Себебі, 1 қыркүйекте санитарлық талаптарды сақтай отырып мектеп оқушылары да, студенттер де мектеп пен ЖОО-ға барады. 26 тамызда елдің ағарту министрі Сергей Кравцов мектеп, балабақша, колледждер (90 мыңнан аса мекеме) сабаққа 100% дайын екенін мәлімдеген.

Ереже бойынша мектепте маска тағу міндетті. Сабақтар арасындағы қоңырау бәріне бірдей соғылмайды. Әр сыныпқа белгіленген бөлек кестеге сай қоңырау беріледі. Балалар асханаға кезекпен барады. Ғимаратқа кіретін қосымша есіктер болады. Бір партада бір ғана бала отырады. Сонымен бірге оқушылар әр пән сайын басқа кабинетке көшіп жүрмейді, әр сыныпқа бір кабинет бекітілген.

Ресейде коронавирустан емделіп жатқандар әлі 180 мыңнан көп. Жазылып шыққандар – 798 мың адам. Шамамен, 17 мыңдай адам індеттен көз жұмды. Жалпы, пандемия басталғалы COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 980 мың адамға жетті.

ӨЗБЕКСТАН

Өзбекстан 7 қыркүйектен бастап тәжірибе ретінде шағын аудандардағы балаларды мектепке жібере бастайды. Ал, 14 қыркүйектен бастап ел бойынша барлық балаға мектепке барып оқуға құқық беріледі. Премьер-министр Абдулла Арипов 10 қыркүйекке дейін барлық аймақтағы білім беру мекемелері дезинфекциялық құралдармен қамтылып, оқуға толық дайын болуын тапсырды. Ұстаздардың барлығы коронавирусты анықтайтын тестен өтуі тиіс. Бұл елде де оқушылар кабинет ауыстырмай оқиды.  

Өзбекстанның Білім министрлігі негізі үш түрлі сценарий қарастырған: жағдай жақсарса – мектептер бұрынғыдай жұмыс істейді, нашарласа – қашықтан оқу жалғасады. Үшінші нұсқа – аралас оқу.

«1 миллион адамның арасында сауалнама жүргізгенде ата-аналардың 70%-ы қашықтан оқуды таңдады. Қалған 30%-ы балаларының мектепке барып сабақ оқығанын қалайды. Осы оқу жылында 6,3 млн оқушы болатынын ескере отырып, ата-аналарға оқу форматын өздері таңдауға құқық беруге шешім қабылдадық», - деген ӨР Халықтық білім министрі Шерзод Шерматов.

Министр Шерматов «Бәрібір коронавирустан жақын арада құтылмаймыз, бұл уақытта балалар білімсіз қалмауы тиіс» деп есептейді.

34 млн халқы бар Өзбекстанда COVID-19 жұқтырғандардың жалпы саны - 40 613 адам. Оның 37 200-і жазылып, індеттен 300 адам қайтыс болды.

ТӘЖІКСТАН

Тәжікстан оқушылары 17 тамыздан бастап мектепке бара бастаған. Билік «коронавирусты жеңдік, балаларға қауіп жоқ» деп есептеп, мектептердің барлығын ашуға шешім қабылдаған.

Білім министрлігінің жоспарына сәйкес, балалар 1 қыркүйекке дейін өткен оқу жылы карантинде өткізіп алған сабақтардың орнын толтырады. Сосын барып жаңа сыныпқа көшеді. Егер эпидемиологиялық ахуал нашарлап кетсе, сыныптардағы бала саны мен сабақ санын азайтпақ. Егер жағдай қиындайтын болса, онда қашықтан оқыту форматына көшеді.

Дегенмен, Тәжікстанда телеарналардың эфир уақыты видеосабақтарға жетпейтіні мен интернетке қолжетімсіздік проблемасы жиі көтеріледі.

Тәжікстандағы коронавирус жұқтырғандардың саны 8,5 мыңға жуықтаған. Қазір емделіп жатқандардың саны бар-жоғы 80 адам. Індеттен осы күнге дейін 68 адам қайтыс болған.

ТҮРКІМЕНСТАН

Түркіменстанда онлайн сабақ болмайды. 1 қыркүйекте 1868 білім беру мекемесіне 1 млн 400 оқушы барады. Оның 160 мыңға жуығы – мектеп табалдырығын бірінші рет аттайтын балалар. Дегенмен, санитарлық талаптарды сақтау мақсатында ережелер қабылданған.

Бір сыныпта 15 баладан артық отырмайды. Сабақтардың ұзақтығы бірінші сыныптарда 25 минут, 2-4 сыныптарда 30 минут, 5-11 сыныптарда 35 минут болады. Үлкен қоңыраудағы үзіліс 20 минутқа, кіші қоңыраудағы үзіліс 10 минутқа созылады. Дене шынықтыру, еңбекке баулу, биология, тарих, сурет салу, табиғаттану мен экология сабақтары далада өтеді. Министрлік ашық аспан астындағы сабақтарға парк, музей, спорт алаңдарын ұсынып отыр.

Ресми дерек бойынша, Түркіменстанда әлі күнге дейін коронавирус жұқтырған жағдай тіркелген жоқ. Дегенмен, сарапшылар ел халқына тәуелсіз тестілеу өткізу қажет деп есептейді.

ҚЫРҒЫЗСТАН

Қырғызстанның шешімі Қазақстанға ұқсас. Мектепке оқу жылының алғашқы тоқсанында тек 1-сынып оқушылары ғана барады. Биыл олардың саны – 156 мың.

Қырғызстанның Білім және ғылым министрі Қаныбек Исақов егер эпидемиологиялық жағдай оңалса, екінші тоқсанды күтпей-ақ барлық білім ордалары кезең-кезеңімен бұрынғы режимге көшірілетінін айтты.

Ереже бойынша бір сыныпқа баратын балалардың үлесі 10-15 пайыздан аспайды. Мектепке кіретін екі есік болады, ата-аналар баласын мектепке өздері әкеліп-әкетуі тиіс. Сондай-ақ, Қырғызстанда ЖОО студенттері де қашықтан оқытылады.

Елде коронавирус жұқтырғандар саны 43 500 адамнан асты. Індеттен жазылғандар саны 38 мыңға жуықтады. 1058 өлім жағдайы тіркелді.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан