Барлық саладағы тіршілікті барынша жеңілдету керек - праймеризге қатысушы

Автор: Azattyq Rýhy

Шет елден көшіп келген PR маман «қазіргі жастар үшін ең құнды актив - уақыт» дейді

Бүгін «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаевтың және әртүрлі салада жұмыс істеп жүрген алыс-жақын елдерден көшіп келген отандастарымыздың арасында партияның праймеризі туралы онлайн конференция өтті. Бірі – отыз жыл бұрын, бірі жуырда ғана атамекенге оралған қандастар өзі жұмыс істейтін салалардағы проблемаларды көтеріп, праймеризге қатысу арқылы сол мәселелерді шешкісі келетінін айтты. 

Мәселен, халықаралық дәрежедегі маркетинг және PR маманы, Japan Тobacco International Компаниясының Орта Азия және Моңғолия өкіметімен қарым қатынас директоры, SINOPEC Group компаниясының Сыртқы істер директоры, Samsung corporation компаниясының жаңа бизнес жоба меңгерушісі қызметтерін атқарған, Моңғолия елінен қоныс аударып келген Назгүл Жарданбектің айтуынша, қазір Қазақстандағы мемлекеттік органдардың, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, жалпы, халықпен байланыс орнататын салалардың қызметтері көп уақыт алады. 

«Ал, қазіргі жастар үшін ең құнды актив уақыт болған соң, олар сол құнды активін жоғалтқысы келмейді», – дейді маман.  

«Менің ойымша, әр нәрсені жеңілдету керек, оңайландыру керек. Мен велосипед ойлап тауып отырған жоқпын. Өйткені, қазіргі заман талабына сай, адамдардың сапалы өміріне жағдай жасау керек», – деген ол мемлекеттік қызметтердің көбін сенімді басқаруға беріп қойған шетелдік қалалардың тәжірибесін мысалға алды. 

«Қызметтерді аутсорсинге беріп, қандай да бір әкімшілік орталықты бірнеше мемлекеттік қызметкер ғана басқаруына болады. Аутсорсинг дегеніміз сырттан адам алу, оларға сенімді басқаруға беріп, барлық қызметті біріктіріп, мемлекеттік қызметтерді жеңілдету. Қазір бізде өте білімді жастар бар. Олардың ең басты активі уақыт. Сондықтан, олар қазір бүкіл қызметті телефонындағы бір кнопка арқылы алғысы келеді. Мысалы, мен қазір «Nur Otan» партиясының мүшесі болғым келсе, онда бірнеше қағаз толтырып, бірнеше адаммен кездеспей, үйде отырып, телефон арқылы мүшесі болғым келеді. Міне, праймериз арқылы мен осындай бастамаларды көтергім келеді», – дейді Назгүл Жарданбек.