Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлемей жүрген 100 адамның тізімін жариялады

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың 80 пайызы көлік салығын төлемей жүр

Фото: Батыржан Беспаев

Мемлекеттік кірістер комитеті жер, көлік, мүлік салығын төлемей жүрген 100 қазақстандықтың тізімін жариялады.

Салықтан жалтарғандардың жалпы қарызы 263 845 620 теңгені құрап отыр. Бұл соманың ішінде негізгі қарыз 166 150 674 теңге болса, өсімпұл - 97 694 946 теңге.

Комитет жариялаған 100 адамның 14-і мүлік салығын, 6-уы жер салығын, қалғаны 80-і көлік салығын төлемей жүр екен.

Борышкерлердің толық тізімін Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтынан немесе келесі сілтеме бойынша көруге болады.

Еске сала кетейік, 2020 жылғы 2 шілдедегі Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша жеке тұлғаларға салықтық рақымшылық жасау қайта ұсынылып отыр.

2019 жылы Қазақстанда жалпы саны 755,7 мың жеке тұлға салық рақымшылығын пайдаланған. Олар 15,9 млрд теңге мөлшерінде негізгі қарызды төледі және 3,1 млрд теңге сомасындағы өсімпұл есептен шығарылды.

Болжам бойынша 2020 жылы салық рақымшылығын шамамен, 1,2 млн азамат пайдаланады. Сөйтіп бюджетке 12,7 млрд теңге төленеді де, 4,3 млрд теңге көлеміндегі өсімпұл есептен шығарылады.