Олар оқу жылына дайындыққа биліктен қаржылай көмек сұрап отыр
Қызылордалық балалар қашықтан білім алуға дайын емес. Облыс әкімдігінің алдына жиналған көпбалалы аналар осылай деп шу көтерді. Олар биліктен қаржылай қолдау сұрап отыр. Тіпті, оқуға қажетті техникаларды уақытша емес, басыбайлы беріңдер деп талап қойды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Әдетте, әкімдік қоршауынан ары асырмайтын шенділер жиналғандарды автобусқа отырғызып алып кетті. Полицияға емес, жақын маңдағы мектепке апарып, жиын өткізді.
«Әр баланың оқу құралдарына отыз мыңнан берілсін. Бізге киім-кешегі керек емес. АСП-ның азық-түлігін беріп жатыр. Адам жейтін нәрсе емес. Тек сүтін ғана ішіп жатқан шығармын», - дейді көпбалалы ана Жадыра Салыбаева.
Аналарды алаңдатқан жайт жалғыз бұл емес. Жаңа оқу жылы басталуына санаулы күн қалса да, қашықтан оқуға қажетті техникалар қолымызға тимеді дейді олар.
«Компьютер, планшетті қайтарымды қылып беріп жатыр. Соны бізге қайтарымсыз қылып берсін. Қыркүйектің онына дейін белгілі болады деді. Сол уақытқа дейін балаларым сабаққа бармайды», - дейді көпбалалы ана.
Базыналы халықты облыс әкімінің орынбасары өзі тыңдады. Ол барлығы заң шеңберінде шешілетінін айтып, талаптарының орынсыз екенін ашық айтты.
«Мектептен 9400-ден астам компьютерлер таратылып беріледі. Қазір жұмыс жүріп жатыр. Сонымен бірге республикалық бюджеттен 22 мың 800-дің үстінде электронды құрылғылар алынады. Соны қайтарымсыз беріңдер дейді. Ол мемлекеттің мүлкі, біз оны таратып бере алмаймыз. Өйткені, біз мемлекеттің, заңның алдында жауап беретін боламыз», - деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.
Облыстық білім бөлімінің мәліметінше, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың тоқсан пайызы қажетті техникамен қамтылған. Одан өзге, демеушілер есебінен де жүздеген бала құрылғыға қол жеткізіпті. Ал дау тудырған жағдайы төмен отбасының балаларына берілетін заманауи құралдар бір айдың көлемінде иелеріне табысталады деп сендірді.