$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.08.2020, 17:20
Қоғам

40 млрд теңге шығын: Қазақстанда дағдарысқа шыдамаған кинотеатрлар жабылып жатыр

Карантин кезінде елде 3 ірі кинотеатр жабылып қалды

40 млрд теңге шығын: Қазақстанда дағдарысқа шыдамаған кинотеатрлар жабылып жатыр
Коллаж: Жанар Жұмабекова

Коронавирус әлемдік кино индустриясы үшін де қатты соққы болды. Мамандар кино жасау саласы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мұндай дағдарысты бастан кешірмегенін айтады. Тіпті әлемге әйгілі Regal, AMC Theaters және Cinemark кинопрокат желілері  жұмысын тоқтатқан. Олар енді жаймашуақ кезеңнің қашан келетінін білмейді. Қазақстанда да жағдай мәз емес. Azattyq Rýhy  тілшісі отандық кинопрокат және кинотеатрлар желісінде қалыптасқан мәселелерге үңіліп көрген.

Қазақстанда барлығы 90-ға жуық кинотеатр тіркелген. Оларға қарасты 300 кинозал жұмыс істеп келген еді. Chaplin Cinemas, CINEMAX және KinoPark Multiplex Cinemas, «Арман» сияқты ірі компанияларды айтпағанда аймақтарда ондаған кинотаратушылардың өкілдері қызмет көрсетеді. Алайда олардың барлығының есігіне 13 наурызда қара құлып ілінген болатын. Содан бері киносүйер қауым да бұл мәдениет ошағына аяқ ізін салмады.

КИНОҒА БАРМАЙТЫН ЖАСТАР ҚЫЛМЫСҚА БАРА МА?

Сауда орталықтары ашылғанымен, билік соңғы 6 айдан бері ойын-сауық мекемелерінің жұмысына рұқсат беруге асықпай отыр. Әлемдік пандемияға орай тек Қытай ғана алғашқылардың бірі болып, халықтың ұжымдасып кино көруіне мүмкіндік берді. Қазақстан Үкіметі 17 тамызда карантин тәртібін сатылап жеңілдетуге көшкенімен кинотеатр, театр, мұражай, бұқаралық спорт түрлерін ұйымдастыру мекемелерінің қашан ашылатыны белгісіз күйінде қалды.  

Киносыншы Кәрім Қадырбаевтың айтуынша, пандемия жалпы мәдени өмірге, соның ішінде кинотеатрларға күйреу кезеңін әкелді. Драма, опера және балет театрлары мемлекет субсидиясымен күн көріп отырғандықтан, жағдай басқаша. Ал кинопрокат және оны тарату саласы коммерциялық құрылым болғандықтан, өткен жартыжылдықта ауыр соққы алған.

«Егер «киноға бару» сияқты демалыс түрінен адамдарды ажыратса,  ең бірінші криминалдық жағдайға кері  әсерін тигізеді. Әсіресе, жастардың бір уақыт бой сергітіп, уақытын тиімді өткізетін орны кинотеатрлар болатын. Қазір қала жастары осы уақытты немен толтырып, қалай өткізіп жүргеніне ешкім бас қатырып жатқан жоқ. Бұл да қала билігі үшін ойланатын мәселе. Сол себепті, кинотеатрлар мәдени-тәрбиелік мәнге ие екенін түсініп, олардың жұмысын тезірек жолға қою маңызды.  Кинозалдан алатын эмоцияны басқасымен ауыстыру мүмкін емес», - дейді кинотанушы.

КИНОТЕАТРЛАР 40 МЛРД ТЕҢГЕДЕН ҚАҒЫЛДЫ

«Арман» кинотеатрлар желісінің атқарушы директоры Бауыржан Шөкенов алдағы жарты жылда кинотеатрлар әлі де ашылмайды деп қауіптенеді. Қостанай, Алматы, Тараз сияқты бірнеше қалада 36 кинозалы бар компанияның негізгі табысы кино көрсетуді ұйымдастыру, билет сату, поп-корн және сусындар сатудан пайда табады.

«Психологиялық кедергілер қалыптасты. Халық киноға баруға қорқып тұрады. Бұл біз үшін үлкен мәселе болып тұр. Ертең ашылған күннің өзінде, көрерменді бұрынғыдай жинау мүмкін бе?! Осы алаңдатады. Оның үстіне коронавирустың екінші толқыны болады деген сыбыс та бар. Бұл да көрерменнің кинотеатрларға келуіне тұсау болады. Менің ойымша алдағы 6-7 айсыз кинотеатрларды бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес сияқты», - дейді Бауыржан Шөкенов.

Әлемдік және отандық киноны халыққа таратушы компаниялар соңғы 2 жылда бұрын-соңды болмаған рекордтық табысқа жеткен. Олардың жылдық айналымы 90 млрд теңгеден асқан. Оның 70 млрд теңгесі билет сатудан түседі. Ал қалған 20 млрд теңге кинотеатр кіреберісіндегі бар, мейрамханалар арқылы тағам сатудан келеді. Алайда соңғы 6 айда бұл қаржы айналымы екі есеге азайып, 40 млрд теңге табыстан қағылған.

«Біз мемлекеттік органдармен апта сайын байланыстамыз. Ашылу жөнінде өз пікірілерімізді айтып жатырмыз. Оның тиісті алгоритмін ұсындық. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы да өз тарапынан ұсынды. Мәдениет және спорт министрлігі де айтты.  Негізгі ұсыныстар: күніне 6 сеанс, оның арасы 25-30 минуттан кем болмауы керек. Осы үзіліс уақытында залды залалсыздандыруымыз керек. Ал көрермен залда отырғанда әлеуметтік арақашықтықты сақтауы керек. Демек, кинозалдағы  орындардың  50 пайызына ғана билет сатылады. Ішке кіріп-шығу легін бақылау, топтастырып емес, арақашықтықты сақтай отырып, даралап кіргізу, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты талаптарды сақтауға дайынбыз. Осының бәрін жасап, 17 тамызда ашылуға қамданған едік. Алайда, билік тағы да рұқсат бермеді», - дейді Б. Шөкенов.

Пандемия кезінде қаржылық қиындықтарға шыдамаған 3 ірі кинотеатр жабылды.  Семейдегі «Еңлік-Кебек» кинотеатры, Алматыдағы «Silk Way City» желісінің 13 кинозалы және «Глобус» сауда үйіндегі «Бекмамбетов Синема» кинотеатрының бірнеше залы жұмысын тоқтатқан.

ПАНДЕМИЯ ОТАНДЫҚ КИНОҒА ЖОЛ АШАДЫ

Кәрім Қадырбаевтың айтуынша, дәл қазір кинотеатрларды ашып, жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі керек. Алдағы бір жылда экономикалық тұрғыдан сауығып кетуге мүмкіндік болады. Ол үшін салықтық жеңілдіктер, өзге де мемлекеттік алымдардан уақытша босату керек. Айтуынша, ең құрығанда бұл бизнес түріне деген жеңілдіктер 6-8 айдан кем болмауы керек.

«Жақында  Мәдениет және спорт министрлігі кинотеатрларға материалдық тұрғыдан көмек береді деген сөз бар. Бірақ нақты шешім қабылданбаған. Жоғарыда айтқан сауықтыру шаралары жүрзілісе, кинотеатрлар қайтадан қалпына келіп, бұрынғы қаржы айналымын жолға қоя алады. Себебі, халық киноны жақсы көреді. Киноға барады. Шындап келгенде алдағы бір жылда бұл сала қайтадан аяқтан тұрып кететін еді», - дейді К. Қадырбаев.

Киносыншының айтуынша, осы күнге дейін кинотеатрларда отандық кинолардың тапшылығы болды. Енді мынандай дағдарыстан соң, шетелдік фильмдердің келуі де біраз кешеуілдейді. Оның ойынша, осы мүмкіндікті пайдаланып, көрерменге өз режиссерлеріміз түсірген фильмдерді ұсынуға болады. Жыл соңына дейін 20-ға жуық қазақстандық кинокартина прокатқа шығуға дайын. Оның ішінде коммерциялық фильмдер де, мемлекеттік тапсырыспен түсірілген туындылар да бар. Кинотеатрларды ашып, отандық өнімдердің көрсетілім кестесін жасаса, жергілікті кино түсірушілер үшін де прогресс болмақ.

Айта кету керек, киносүйер қауым үшін нағыз маусымдық кезеңдер – Наурыз мейрамы мен Жаңа жыл. Осы екі уақытта кино жасаушылар жаңа релиздер, премьералар ұсынып, пайда табады. Әдетте, осы кезеңде көрермен тарапынан да киноға деген сұраныс артады.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары