COVID-19 жұқтырған 720-дан астам медқызметкер МӘСҚ-тан төлем алды
Сондай-ақ індет салдарынан қайтыс болған 3 медицина қызметкерінің туыстарына төлем аударылды
COVID-19 вирусымен күресуге тартылған 729 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны жұқтырған немесе вирустық пневмониямен ауырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан ары – МӘСҚ) берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алды. Сондай-ақ, МӘСҚ індет салдарынан қайтыс болған 3 медицина қызметкерінің туыстарына төлем аударды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың Денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері негізінде анықтайды. Өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі, кейін төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі.
21 тамыз сағат 9.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 инфекциясын жұқтырған немесе вирустық пневмониямен ауырған 729 медицина қызметкерінің және ауру салдарынан қайтыс болған 3 медицина қызметкері туыстарының өтініш бойынша ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды.
Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 жұқтыру немесе вирустық пневмониямен ауыру жағдайына төленген төлемдердің ең көп саны Алматы (77), Ақмола (75) облыстарынан, Алматы (74) және Нұр-Сұлтан (67) қалаларынан, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысынан (66) жүргізілді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына осы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес, жоғарыда көрсетілген төлем:
- коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге;
- COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына 10 млн теңге көлемінде төленеді.