Қайырымдылық шарасы аясында 1,5 мыңнан астам алматылық отбасыға көмек беріледі
Алматыда партия мүшелері «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуді бастады.
Бір жарым мыңнан астам алматылық отбасыға планшеттер, кеңсе тауарлары бар оқушы сөмкесі, веб-камералар және тағы басқалар беріледі. Партия мүшелері қайырымдылық ақшаның көп бөлігін оқушыларға компьютерлік техника сатып алуға жұмсады. Қайырымдылық шарасы барысында «Nur Otan» партиясының мүшесі, «ҚазФерроСталь» ЖШС-нің бас директоры Аида Бекманова №142 мектептің аз қамтылған отбасыларына, сондай-ақ зауыт қызметкерлеріне көмек көрсетті.
«Менің төрт балам бар, кіші ұлым биыл нөлдік сыныпқа барады. Барлық қажетті кеңсе тауарларын сатып алу үшін біршама ақша кететін еді. Сондықтан партиялықтардың көмегі маған үлкен қолдау болды. Олар балаларыма кеңсе жабдықтарымен қатар, планшет сыйлады. «Nur Otan» партиясына қиындықта жалғыз қалдырмай, балаларды мектепке дайындауда көмектескені үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді», - деді зауыт қызметкері Жанар Найзағараева.