Алматыда ата-аналар жас спортшыларға бөлінетін грант санын арттыруды талап етті (ФОТО)

Автор: Azattyq Rýhy

Жас спортшылар Қазақстан билігі грант бермесе, Ресейге кететіндерін мәлімдеді

Фотолардың авторы Әсет Құндақбаев

Алматыда грантқа ілінбей қалған жас спортшылар мен олардың ата-аналары жергілікті билікке талап қойды. Қазақ спорт және туризм академиясының алдына жиналған жүзге жуық адам «Нағыз кәсіби майталмандар емес, тек мұғалім болуды ғана қалайтын балалар грантқа ілінді» деп санайды. Мұны академияның проректоры да растап отыр. Айтуынша, халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері, әлемдік додаларда топ жарған чемпиондардың көбі оқуға түсе алмаған.

«Қазақ күресінен Алматы құрамасының мүшесімін. Спортпен айналысқаныма 9 жыл болды. Жасөспірімдер арасында Алматы қаласының чемпионымын. Қазақстан бойынша өткен жарыста үшінші орын алғанмын, спорт шеберіне үміткермін. Спорт академиясына дзюдо спорты бойынша құжат тапсырғанмын, алайда грантқа ілінбедім. Ақылы оқуға шамам жоқ», - деді ұлттық бірыңғай тестілеуде 106 балл жинаған Әлижан Қобылан. 

Суретте: Әлижан Қобылан

Балаларын жастайынан спортқа баулыған ата-аналар қазіргідей дағдарыс кезінде ақылы оқытуға шамамыз келмейді деп отыр. Өмірін спорт саласына бұрған балаларының басқа мамандық таңдауға да мүмкіндіктері жоқ. Еңсесі түскен талапкердердің қасында жүрген ата-аналар Қазақ спорт және туризм академиясына Білім және ғылым министрлігінен қосымша грант бөлуді сұрады. Жоғары білім алудан қағылған талапкерлердің арасында әлемдік додаларда топ жарған жүлдегерлер де бар.

«Біз отбасымызда төрт адамбыз. Үлкен ағам мүгедек. Шешем жұмыс істемейді, ағама қарайды. Әкем қартайса да жұмыс істеп жүр. Регби спортымен айналысқаныма 10 жыл болды. Халықаралық спорт шебері атанғаныма үш жылдай болды. Жоғары жетістіктермен кәсіби спортшы бола тұра оқуға қабылдамауы мен үшін де, туыстарым үшін де өте өкінішті жағдай болды. Қазақстанда бұлайша болашағымды жоғалтқанша, Ресейдің университетіне кетсем бе деген ойда жүрмін. Өте өкінішті», - дейді регби спортынан халықаралық спорт шебері Мария Гришина.

Мектеп пен колледж қабырғасында жүріп-ақ әлемнің талай елінде топ жарған, халықаралық бәсекелерде биік белестерді бағындырған спортшылар пәндік сабақтардан төмендеу балл алғандарын айтады. Ал «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жалпылама конкурста кәсіби спортшылар емес, пәндік емтихандардан жоғары балл жинаған талапкерлер гранттарды ұтып кеткен. Ал кәсіби спортшылар енді өздеріне қандай да бір жеңілдіктің болғанын талап етуде.

«10 жылдан бері регби спортымен айналыстым. Осы академияда оқуды 10 жыл армандадым және соған дайындалдым. Енді міне, ол арманым айдалада қалды. Кәсіби спортшылар дайындайтын оқу орнын табу қиын. Қазақстанда кәсіби спортшыларды бағаламайды», - дейді халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Диана Әбішева.

Кәсіби спортшыларды дайындайтын академия басшыларының сөзінше, елімізде қай спорт түрінен болса да, бапкер-жаттықтырушылар тапшы. Бұл ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан проблема. Қазақтың спорт және туризм академиясының бірінші проректоры Мұхтар Есқалиевтің дерегінше, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша республикадағы қырықтан астам оқу орнына биыл 350 грант бөлінгенін. Оның 163 гранты осы академияға тиесілі. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 100 грантқа аз. Есесіне, оқуға тапсырған талапкер саны көп.

«Дене шынықтыру мамандығы бойынша бір грантқа 20 талапкер таласты. Біздің академияға 800-ге жуық бала құжат тапсырды. Талапкерлер «Халықаралық спорт шеберлері неге грантқа түспейді?» деген сұрақ қойып отыр. Бұрын дарынды балалар басымдыққа ие болған. 2018 жылға дейінгі білім туралы заңда спорттағы жетістігі бар, пән олимпиадасы жүлдегері немесе «Алтын белгі» иегерлеріне айрықша басымдық беру туралы тармақ өзгерген. Талай спортшы сол себепті гранттан тыс қалып отыр. Осы жерде ұлттық құрама командалардың мүшелері болған жүзден астам спортшы, халықаралық дәрежедегі 19 спортшы тегін оқуға ілінбей қалған. Ал министрліктің ақпаратынша, елімізде бір мыңнан астам бапкер, жаттықтырушылар жетіспейді екен. Сондықтан грант санын арттыру қажет. Оқуға түсе алмаған спортшылардың бәрін қабылдай алмаймыз. Алайда, ұлттық құраманың мүшелеріне жеңілдік қарастырылады», - деді Қазақ спорт және туризм академиясының бірінші проректоры Мұхтар Есқалиев.

Суретте: Мұхтар Есқалиев

Академияда ақылы түрде оқудың жылдық құны 600 мың теңгеден басталады. Есқалиев карантинге қарамай жиналған ата-аналарға проблеманы толықтай шешу тек Білім және ғылым министрлігінің құзырында екенін, қосымша грант бөлу жағын ведомствоға жеткізетіндерін айтты. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы