Медициналық қызметтерді қашықтан қалай алуға болады?

Автор: Azattyq Rýhy

Дәрігерден кеңес алу үшін емханаға барудың қажеті жоқ

Фото: ашық дереккөзден

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры карантиндік шараларға байланысты қазіргі шектеулерді ескере отырып, азаматтарға медициналық қызметтерді қашықтықтан қалай алу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қордың хабарлауынша, салалық медицина маманының кеңес беруі, телемедицина арқылы консультация, сондай-ақ рентген суреттін қайта қарау, электрокардиограмманы декодтау енді қашықтықтан қабылдау кезінде де қолжетімді. Бұрын қашықтан кеңес беру созылмалы ауруы бар науқастарды (учаскелік жалпы практика дәрігері, терапевт, педиатр) динамикалық бақылау кезінде қолданылған. Қашықтан медициналық қызмет көрсетудің ерекшеліктері 17 шілдеден бастап күшіне енген Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексте (129-бап) айқындалған. Заманауи технология мен әртүрлі байланыс арнасының арқасында медициналық ұйымдар пациентке қашықтан қызмет көрсете алады. Алдағы уақытта қашықтан көрсетілетін қызмет тізімі кеңейтілмек.

Дәрігердің онлайн кеңесін қалай алуға болады?

1. Өз емханаңыздың Call-орталығы арқылы немесе басқа байланыс арналары, мобильді қосымша арқылы дәрігердің кеңесіне жазылу (бар болса).

2. Кеңес беру күні мен уақытын таңдаңыз. Сонымен қатар, салалық медицина маманының қабылдауына жазылу үшін алдымен учаскелік дәрігерден жолдама алу керек, яғни ең алдымен терапевтке/ЖПД-ға қабылдау үшін өтініш беру керек.

3. Таңдалған байланыс арнасы арқылы маманнан белгіленген уақытта қоңырау (аудио немесе видео) күтіңіз.

«Дәрігерден кеңес алу үшін емханаға барудың қажеті жоқ. Ол науқас қай жерде болмасын, қашықтан қолжетімді. Бұл жағдайда дәрігер дәрі-дәрмектерге рецепт жаза алады. Еңбекке жарамсыздың парағын, зертханалық зерттеу нәтижесін көруге болады. Яғни, осы қызметтерді алу үшін емханаға келудің қажеті жоқ», – делінген хабарламада.

Сұрақ болған жағдайда азаматтар қордың Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына жүгіне алады.