Аманжол Дүрәліұлы екі күн жансақтау бөлімінде болған
Жуалы ауданы, Қайрат ауылының 79 жастағы тұрғыны коронавирус белгілері бойынша жедел жәрдеммен Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында дертті жеңді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қабылдау барысында науқастың жағдайы өте ауыр болған. Дене қызуы 38,5 градусқа дейін көтеріліп, тыныс алуы қиындап, саусақтары мен еріндері көгеріп, оттегі сатурациясы 89 пайызды құраған.
Медициналық тексеру кезінде Аманжол Дүрәліұлында ауыр дәрежелі COVID-19, екіжақты вирустық пневмония, тыныс алу жеткіліксіздігінің үшінші сатысы анықталған.
«Ақсақалдың қосымша созылмалы аурулары бар. Атап айтсақ, жүректің ишемиялық ауруы, ишемиялық кардиомиопатия, жүрек жеткіліксіздігі және үшінші сатыдағы гипертензия. 2019 жылы ол жедел миокард инфарктісін бастан өткерген. Тәуекел тобы өте жоғары болды. Қария екі күн жансақтау бөлімінде болып, ӨЖЖ аппаратына қосылды. Дәрігерлердің нақты және үйлесімді әрекетінің арқасында ол вирусты жеңіп, толық айығып, ауруханадан шығарылды,»- делінген хабарламада.
Аманжол ата медицина қызметкерлеріне ризашылығын жеткізіп, денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
«Алла сіздердің игі істеріңіз бен адал еңбектеріңізді еселеп қайтарсын. Отбасыларыңыз аман, еліміз тыныш болсын», - деді қария.