Ақмолада жергілікті жолдарды жөндеуге 40 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген

Автор: Azattyq Rýhy

Биыл ауылдар арасындағы жолдар да назарға алынды

Ақмолада биыл жергілікті мәндегі жолдар құрылысы мен жөндеуге 40,5 миллиард теңге бөлінген. Облыстағы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. 

 

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, қаражаттың басым бөлігі яғни 14,2 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Сондай-ақ облыстық бюджеттен 10 миллиард, Үкімет қорынан 3,4 миллиард және «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасымен 12,9 миллиард теңге бөлінген. 

«Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасымен облыстық және республикалық жолдардан бөлек ауылдар арасындағы жолдар да назарға алынды. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде биыл облыс аумағындағы тозығы жеткен көптеген жолдар жөнделетін болды. Бөлінген сомаға 687,6 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар мен ауыл ішіндегі көшелерді жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 27,5 шақырым жол жаңадан салынса, 11,7 шақырымы күрделі жөндеуден өткізіліп, 140 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жасалды. Мәселен Еленовка-Чистополье-Есіл, Балкашино-Шаңтөбе, Атбасар-Қима, Қонысбай-Сейфуллин-Қызылсая сияқты ірі жобалар жүзеге асты. Аталған мақсатқа 7,8 миллиард теңге қарастырылған. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес, ал бірқатар жол жөндеу жұмыстары уақытынан бұрын аяқталуы тиіс», - дейді облыс әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы. 

Жалпы, Ақмола облысында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 2015 жылдан 2019 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар 1500 шақырымнан астам жолдар жөнделген. Жаңа Колутон-Ақкөл-Азат-Минское, Орта Ақсу-Бестөбе-Изобильное жолдарын күрделі жөндеу сияқты іргелі жобалар жүзеге асқан. 

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы