Жүгірудің соңы өліммен аяқталмасын: Қазақстанда сәнге айналған марафондарға кім және қалай дайындалады

Автор: Тәжібай Әлия

Өкінішке қарай, марафон кезінде де қайғылы жағдай болады. Дәрігерлер мен тәжірибелі желаяқтар жүгіру алдында нені ескеру керегін айтты

Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Былтыр Алматыда өткен марафон кезінде 84 және 21 жастағы екі адам кенеттен қайтыс болды. Қазақстанда мұндай қайғылы жағдай бұған дейін де тіркелген. Мәселен, 2022 жылдың қыркүйегінде бір ер адам финиш сызығынан енді ғана ұзағанда жан тапсырды. 2023 жылы қайғылы жағдай қайталанып, бұл жолы мәреге жақындап қалған желаяқ мерт болды.

Жасырып қайтеміз, жүгіруді кез келген адам айналыса алатын қарапайым спорт түрі санаймыз. Бірақ бірнеше шақырымды бағындыру мен ондаған шақырымға жүгірудің айырмасы жер мен көктей. Ал қашықтық ұзарған сайын ағзаға түсетін салмақ та артады. Мұны, өкінішке қарай екінің бірі ескере бермейді.

Мысалы биыл Нью-Йоркте марафонға бірінші рет қатысқан 24 жастағы Рэйчел Апа есінен танып, кейін ауруханада жан тапсырды.

Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, АҚШ-та 13 жылдың ішінде отыз миллионға жуық адам спорт додасында бақ сынаған. Оның  ішінде 176 желаяқтың  жүрегі тоқтап қалып, олардың 59-ы қайтыс болды.

Бетін әрі қылсын, бірақ аяқ асты халіңіз нашарлап, өмір мен өлімнің арасында қалмайтыныңызға өзге түгілі, өзіңіз де кепіл бола алмайсыз. Сондықтан марафонға қатысатын адам нені ескеруі керек? Қарапайым, бірақ маңызды қандай ақпаратты білуі қажет? Azattyq Rýhy осы мәселелерді қарастырып көрді.

«Денсаулық мәреден де маңызды»: тәжірибелі марафоншылардан кеңес

Жаппай жүгіру кезінде қашықтық пен уақыттан бұрын денсаулыққа мән беру керек дейді бірнеше жылдан бері түрлі жарысқа қатысып жүрген желаяқтар.

Мысалы, отыз бес жастағы кейіпкеріміз Зарема Қазанғапова екі жылдың ішінде отыздан астам додада бақ сынаған.

«Бірден ұзақ қашықтықтан бастауға болмайды, себебі дене мен ағза ақырындап үйрену керек. Сондықтан  алдымен жаяу жүріңіз, кейін жеңіл жүгіруге көшіңіз. Ал жарыс жақындағанда ағзаға салмақ түсіретін жаттығуларды жасамаған жөн. Бірақ, сіз қанша жерден марафонға қатысқыңыз келсе де, бірінші денсаулығыңыздың жағдайына мән беріңіз. Осы екі жылдың ішінде өзіңді күтіп, ағзаңның мүмкіндігін бақылау маңызды екенін түсіндім», – дейді атыраулық ару.

Ол өзінің кәсіби спортшы емес екенін, десе де дайындықты жарысқа бір-екі күн қалғанда емес, әлдеқайда ертерек бастайтынын айтты.

Ал 32 жастағы Әділхан Тоқтағановтың бұл спортты қолға алғанына жеті жыл болған. Ол марафонға қатысатын кезде арнайы дайындалмайтын көрінеді. Себебі жүгіру оның күнделікті өмір салтына айналып кеткен.

«Жарыс болсын-болмасын спорттан ешқашан қол үзбеймін. Ал дәл марафон алдында дәрігерге де арнайы қаралмайды екенмін. Өйткені жыл сайын толық медициналық тексеруден өтемін», –  деді ол.

Әділхан Тоқтағанов та дайындық кезінде қашықтықты біртіндеп арттыруға болмайтынын айтты. Сонымен қатар дәрігерге қаралып, жүрек жұмысын тексертуді ұсынады.

«Ал үшіншіден, жүгіру кезінде кеудеңіз ауырып, бас айналса немесе жүрек соғысы әдеттен тыс жиілесе, сайысты тоқтатып, медициналық көмекке жүгіну керек. Мәреге жетпегенді көбі ұят санайды. Бірақ денсаулығыңыз одан да маңызды екенін ұмытпаңыз. Ал тіпті тұмаумен ауырғаннан кейін де бірден қатысуға болмайды. Себебі ол жүрекке әсер етеді», – дейді ол.

Марафон ұйымдастыратындар неге медициналық анықтама талап етпейді

Әділхан Тоқтағанов өзі қатысқан марафондардың көбінде медициналық анықтама талап етілмейтінін айтады. Тіркелген кезде ережемен танысып, денсаулығына өзі жауап беретіні туралы келісімге қол қояды.

Ол бұл талаптың әр елде әртүрлі реттелетінін байқаған. Мәселен, Францияда біршама уақытқа дейін дәрігердің анықтамасын міндетті түрде өткізу керек болған. Кейін оның орнына онлайн «денсаулық профилактика курсы» енген.

19 жастағы Шалқар Нұрғали да марафон алдында медициналық тексеруден өтпеген. Екі жылдан бері жүгірумен айналысатын жамбылдық жас жарысқа өз бетінше дайындалады.

«Тек жүйелі түрде жүгіріп, өзім дайындаламын», – дейді ол.

Шалқардың айтуынша, додаға тіркелген кезде бірінші қашықтықты таңдап, жарна төлейді. Ал бір-екі күн қалғанда реттік нөмірін алады. Сосын келісімшартқа қол қояды.

«Құжатта толық дайын әрі денсаулығыңыздың жарамды екенін және барлығына өзіңіздің жауап беретініңізді растайсыз», – дейді Шалқар.

Осы тұста медициналық анықтаманы міндеттеу жайлы сұрақ туады. Әділхан Тоқтағанов бұл мәселенің оңай емес және біржақты шешімі жоқ деп санайды.

«Ресейде өтетін көп марафонда дәрігердің рұқсаты бар анықтама міндетті түрде сұралады. Бірақ уақыт өте келе бұл талап көлеңкелі бизнеске айналды. Яғни мұндай құжатты да сататын және сатып алатындар көбейді. Сондықтан бұл талап мәселені түбегейлі шешпейді, тек басқа проблема тудырады деп ойлаймын. Адам бәрібір жолын тауып қатысады», – дейді ол.

Жас әрі сау көрінетін желаяқтарға да қауіп бар

 Марафон кезінде жүрек-қантамыр, тыныс алу және тірек-қимыл жүйелеріне айтарлықтай салмақ түседі. Сондықтан сырқаты бар кей адамдар үшін мұндай жүктеме қауіпті. Бұл жайында бізге терапевт-дәрігер Гүлнұр Қалилаева айтып берді.

«Әсіресе жүректің ишемиялық ауруы, ауыр аритмия, жүрек жеткіліксіздігі, жүрек ақаулары мен миокардит сияқты дерттерге бейжай қарауға болмайды», – дейді дәрігер.

Маманның сөзінше, бронх демікпесі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы бар адамдар да ұзақ қашықтыққа жүгіру алдында міндетті түрде дәрігермен кеңесуі керек. Бұған қоса, омыртқааралық жарық асқынған, буындары қабынған, артроздың ауыр сатысындағы немесе байламдары мен сіңірлерінің жарақаты толық жазылмаған адамдарға да марафонға қатысуға асықпаған жөн.

Дәрігер ерекше назар аударуға тиіс тағы бірнеше жағдайды атады.

«Олардың қатарында анемия, ферритин деңгейі, табан деформациясы, буын ауруы мен бұрын алған жарақаттар бар.  Темір тапшылығы әсіресе жас қыздар мен әйелдер арасында жиі кездеседі. Гемоглобин мен ағзадағы темір қоры азайғанда, оттегінің бұлшықеттерге жетуі қиындайды. Соның салдарынан адам тез шаршап, басы айналып, жүрек соғысы жиілеуі мүмкін. Бірақ көпшілік мұны жай ғана әлсіздік деп қабылдайды», – дейді  Гүлнұр Қанатқызы.

Бұдан бөлек адамның өзі де білмейтін кейбір патологиялық дерті болуы мүмкін екенін ескертті. Марафоншылар күнделікті ешқандай шағымы болмағандықтан, тексерілмей жүре береді. Бірақ ағзаға үлкен жүктеме түскеннен кейін жағдайы нашарлауы мүмкін. Яғни өзіңізді жас әрі сау санасаңыз да, тексерілу керек.

Әлсіздік сезген жағдайда көмекке жүгініңіз

Марафон кезінде біреудің бұлшықеті, аяқтары әлсірейді, енді біреудің тынысы тарылып, бүйірі шаншуы мүмкін. Мұндайда ең алдымен, жүгіру қарқынын бәсеңдету керек. Бірақ кеудеңіз ауырып, әдеттен тыс ентігу байқалса, бірден медициналық көмекке жүгіну қажет.

«Екінші кезекте, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішкен жөн. Әсіресе ауа райы ыстық кезде ағза сұйықтықты көбірек жоғалтады. Сондай-ақ бұлшықеттердегі гликоген қоры азаяды. Сондықтан өзіңізбен бірге көмірсуы бар өнімдерді алып жүріңіз», – деді терапевт.

Осы тақырыпқа МСАК басшысы Нұргүл Аждарова да назар аударып, жүгіру кезінде адамның кеуде тұсы ауырса, ауа жетпей, бас айналса, жүрек қағысы жиілеп, әлсіздік пайда болса, жүгіруді тоқтату қажет екенін ескертті.

«Әсіресе адамның санасы шатасып, қимыл-қозғалысы бұзылса немесе есінен танса, шұғыл медициналық көмек қажет. Аяқтағы ауырсынуға да мән берген жөн», –  деді ол.

Жүрек, қан, өкпе: марафон алдында нені тексеру керек

Нұргүл Аждарова дұрыс ұйымдастырылған тұрақты жаттығулар жүрек-қан тамырлары жүйесіне оң әсер етеді дейді.

«Мәселен, зерттеуге қатысқан 138 дені сау адам Лондондағы марафонға қатысу үшін алты ай дайындылған. Ал одан кейін қан қысымының төмендеп, қолқаның серпімділігі жақсарғаны анықталған. Өзгерістерді талдаған кезде қан тамырларының есептік жасы шамамен төрт жылға жасарғанын байқаған», –  деп дұрыс дайындықтың маңызын шегелеп айтып берді.

Оқи отырыңыздар:«Балаңды алып кетеміз деп қорқытты»: әлеуметтік желі жұлдызына айналған экс-мұғалім бастан кешкен оқиғасын айтып берді

Сонымен қатар барлығын медициналық тексеруден бастау керек екенін айтты.

«Әсіресе бұрын спортпен тұрақты айналыспаған, қан қысымы жоғары, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті немесе артық салмағы бар адамдарға дәрігерлік тексеруден өткен жөн. Дәрігер жалпы қан талдауын, гемоглобин мен ферритин деңгейін, қандағы қант, калий, натрий, холестерин мөлшерін және бүйрек қызметін анықтайтын талдауларды тағайындауы мүмкін. Бұрын аз қимылдаған немесе жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупі жоғары адамдарға қарқынды жаттығуларды бастамас бұрын ЭКГ мен жүректің физикалық жүктеме кезіндегі жұмысын бағалайтын сынамадан өткен жөн», –  деп толықтырды МСАК басшысы.

Айтуынша, қажет болған жағдайда жүрекке ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі. Медициналық тексеру көлемін дәрігер әр адамның жасына, денсаулық жағдайына және физикалық дайындығына қарай анықтайды.

Гүлнұр Қалилаева да келесі қадамды қарастыруды ұсынады:

1. Терапевт қабылдауы. Дәрігер адамның жалпы денсаулығын, бұрын ауырған аурулары мен физикалық белсенділігін бағалайды. Қажет болса, бейінді маманға жібереді.

2. Жүрек пен өкпені тексеру. Көрсетілімге қарай ЭКГ жасалып, жүрек пен өкпенің жұмысы бағаланады.

3. Қан талдауы. Жалпы қан талдауы, гемоглобин мен ферритин деңгейі тексеріледі. Қажет болған жағдайда глюкоза, креатинин және электролиттер де анықталады.

4. Тірек-қимыл жүйесін бағалау. Травматолог-ортопед табан, буындар мен омыртқаның жағдайын тексереді. Әсіресе бұрын жарақат алған адамдарға маңызды.

«Қауіпсіздік пен жүгіру мәдениетінде айырмашылық бар»

Кейіпкеріміз Әділхан Тоқтағанов бірнеше елде марафонға қатысқан. Ол бізге өзі байқаған бірнеше ерекшелікті айтып берді. Сөзінше, жол, атмосфера мен марафоншылардың тәжірибесі көп елде ұқсас болғанымен, қауіпсіздік пен жүгіру мәдениетіне келгенде айырмашылық бар көрінеді.

«Мысалы Токиода өткен байқауда жолдың бойында дефибрилляторы бар медициналық топтар кезекшілік етеді. Сонымен қатар бірнеше жылдан бері мобильді АЭД жүйесі қолданылып келеді. Яғни дәрігерлер велосипедпен ілесіп жүріп, жедел көмек көрсетуге дайын болады», – дейді Әділхан.

Оның сөзінше, шетел тәжірибесінен үйренетін тағы бір нәрсе – жүгіру мәдениеті. Мәселен, Жапонияда «Экиден» деп аталатын эстафеталық жарыстарды бүкіл ел тамашалайды. Марафон өтетін күні тұрғындар көшеге шығып, желаяқтарға қолдау көрсетеді.

«Еуропада немесе Жапонияда жүгіру дәстүрі өте жақсы қалыптасқан. Ол жақта бұл мәдениет мектептен басталады. Адамдардың жарысқа көзқарасы да ерекше. 60-70 жастағы, тіпті одан да үлкен жастағы жүгіретіндер көп. Олар біреуге дәлелдеу үшін емес, өз денсаулығы мен ләззаты үшін асықпай қатысады», – дейді ол.

Айтуынша, Қазақстанда жүгіру мәдениеті әлі қалыптасу кезеңінде. Дегенмен соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер байқалады.

«Бізге үйренетін нәрсе де осы деп ойлаймын», – деп түйіндеді Әділхан.

Осы тақырыпты зерттеу барысында еліміздегі Денсаулық сақтау, Туризм және спорт министрлігіне арнайы сауал жолдадық. Ведомстводан ресми жауап келгеннен кейін материал толықтырылады.

Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.