Алматыда үш айлық сәбидің бүкіл ішегі, көкбауыры мен сол жақ бүйрегі кеудесіне қарай жылжып кеткен

Автор: Бақыт Шынар

Соның салдарынан бала тыныс ала алмай, өміріне қауіп төнген

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Алматыдағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері аса күрделі операция жасады: олар туа біткен ауыр патологиясы бар баланың кеудесін тілмей, торакоскопия арқылы баланы аман алып қалған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бала туа бітті ауыр дертке шалдыққан.

«Нәрестенің бүкіл ішегі, көкбауыры, тіпті сол жақ бүйрегі де кеуде қуысына өтіп, өкпесін қысып, тыныс алуын қиындатқан. Оның сол жақ өкпесі дамымаған және туғанына небары үш ай болған. Осы факторлардың бәрі жағдайды күрделендіре түсті. Бірақ, дәрігерлер баланың кеуде тұсына шағын тілік салып, ішкі ағзаларды қалыпты орнына қайтарып, диафрагманың тұтастығын қалпына келтірді. Кемістік жойылғаннан кейін сол жақ өкпе жазылып, қалыпты жағдайға келді», - деп жазады денсаулық сақтау министрлігі.

Операцияға өзі қатысып, баланың тынысын ашқан аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Марат Қаптағаев мұндай жастағы пациентке торакоскопиялық операция жасау аса жоғары дәлдік пен тәжірибені талап ететінін ерекше атап өткен.