Оның ішінде қыз балалардың бөлек есебі бар
Бірнеше күн бұрын Алматыдағы ҚазҰУ жатақханасында бірінші курс студенті қайтыс болды. Бейресми дереккөздер марқұмға жоғары курстың студенттері зәбір көрсеткенін жазды. Қайғылы оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр. Жоғары курстың студенттері жаңадан келген жастарды «жұдырықпен» тәрбиелеп алмақшы болған деген нұсқа да айтылады. Мұндай жағдай көпшілікке бұрыннан таныс. 2025 жылы Маңғыстау облысы Ақжігіт ауылында отбасының жалғыз ұлы 17 жастағы Сағындық Құрманияз адам қолынан қаза тапты. Оның анасы редакцияға берген сұхбатында бүкіл ауылды ұстайтын «старшактар тобы» барын, олардың мектеп оқушыларын құлша жұмсайтынын айтқан еді. Оқиғалардың мән-жайы бөлек болса да, мәселесі ортақ. Қоғам әлі де біреуге күш көрсету арқылы бедел жинау көзқарасынан арылмай келеді. Бұған ер азаматтарға қатысты қалыптасқан түсініктердің әсері бар ма? Azattyq Rýhy тілшісі осы сұраққа жауап іздеп, саралап көрді.
Кейінгі 3 жылда кәмелетке толмағандардың адамның денсаулығына әдейілеп зиян келтіруі бойынша 245 дерек тіркеліп, ұрып-соғу бойынша 238 факті тіркелді.
Құқықтық статистика деректеріне сүйенсек, кәмелетке толмағандар арасында ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар саны бір жыл ішінде едәуір өскен. 2024 жылы бұл көрсеткіш 33 болса, 2025 жылы 110-ға жеткен, яғни бір жылда үш еседен асып кеткен.
2026 жылдың алғашқы он айында ұрып-соғу бойынша жауапкершілікке тартылған жасөспірімдер саны 95 бала болған. Бұл 2025 жылдың толық жылдық көрсеткішінен төмен болғанымен, 2024 жылғы саннан әлдеқайда көп.
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша да көрсеткіштер өзгерген. 2024 жылы мұндай қылмыс үшін 83 кәмелетке толмаған жауапкершілікке тартылса, 2025 жылы олардың саны 94-ке жеткен. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында 68 жасөспірім тіркелген.
Адам өлтіру бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандар саны 2024 жылы 12, 2025 жылы 10 болған. Биылғы он айда бұл көрсеткіш 16-ға жетті. 2026 жыл аяқталмай жатып, адам өлтіру бойынша жауапкершілікке тартылған жасөспірімдер саны алдыңғы екі жылдың толық жылдық көрсеткішінен асып түсті.
Оқи отырыңыз: «Іске экс-полицей араласты, 5 жігіт куә болып кетті»: 17 жасында қыршын кеткен Сағындықтың ата-анасы әділдік іздейді
Статистикадағы тағы бір назар аударатын тұс – қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың басым бөлігі оқитын жасөспірім ұлдар.
Мәселен, 2024 жылы денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін жауапкершілікке тартылған 83 жасөспірімнің 75-і оқып жүрген. 2025 жылы 94 адамның 86-сы оқушы болған. 2026 жылдың алғашқы он айында тіркелген 68 жасөспірімнің 63-і білім алып жүрген.
Ұрып-соғу бойынша осыған ұқсас жағдай байқалады. 2024 жылы жауапкершілікке тартылған 33 жасөспірімнің 25-і, 2025 жылы 110 адамның 89-ы, ал 2026 жылдың он айында 95 адамның 90-ы оқитындар қатарында болған.
Ұрып-соғу бойынша жауапкершілікке тартылған қыздардың санына келер болсақ, 2024 жылы олардың саны 9 болса, 2025 жылы 22-ге жеткен. 2026 жылдың алғашқы он айында 21 қыз тіркелген.
Жасөспірімдердің бір-біріне күш көрсетіп, соққының астына алуына көрген тәрбиесі, өскен ортасы, қоғамда ер балаға қатысты қалыптасқан түсініктер әсер етеді деуге болады. Мысалы, ата-аналар ұл балаға кішкентайынан «жылама», «әлсіз болма», «өзіңді қорлатпа», «біреу тиіссе, ұрып таста» деген сөздер жиі айтып, қайсарлыққа үйретіп жатқандай сезінуі мүмкін. Бірақ халықаралық зерттеулер көрсеткендей, қатаң ережемен өскен бала өз сезімін білдіре алмай, агрессияға жол береді.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) 2026 жылғы баяндамасында жасөспірімдердің төбелеске құмар болуы мен осы ересектер тарапынан қойылатын қатаң талаптар арасында байланыс бары айтылады.
2023 жылы Developmental Review журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар 148 зерттеудің дерегін біріктіріп, 164 мыңнан астам жасөспірімнің мінез-құлқын талдаған. Нәтижесінде кейбір жасөспірімдердің өзгелерге үстемдік етуге, өз ортасында танымал болуға ұмтылуы агрессия мен әлімжеттікке ұласуы мүмкін екені анықталған.
Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.