Әскери қызметшілердің басым бөлігі 45-48 жасқа дейін салада қызмет етеді
Қазақстанда әскери қызметтен және күштік құрылымдардан кеткен азаматтарды қолдау тәртібі өзгеруі мүмкін. Қорғаныс министрлігі еңбек өтілі 20 жылдан асқан әскери қызметшілерге жұмыстан қандай себеппен кетсе де, жаңа мамандық меңгеруге мүмкіндік беруді ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жайында Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Жиынға күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Татьяна Савельеваның айтуынша, әскери қызметшілердің басым бөлігі 45-48 жасқа дейін қызмет етеді. Одан кейін азаматтық салада жұмыс істейді. Олардың 30 пайызы, яғни зейнетке шыққан және денсаулық жағдайына байланысты әскери саладан кеткендер әлеуметтік бейімдеу шараларын пайдалана алады. Басқа себептермен жұмыстан шығарылғандарға мұндай қолдау көрсетілмейді.
«2024 жылдан бері қызметтен кеткен әскери қызметшілердің 19 пайызы зейнет жасына жетуіне, 11 пайызы денсаулығына байланысты жұмыстан босады. Әлеуметтік бейімдеу шаралары негізінен осы азаматтарға арналған. Ал теріс себептермен қызметтен кеткендер мұндай қолдауға ие болмайды. Әскери қызметтен кеткен азаматтарға бірқатар әлеуметтік кепілдік қарастырылған. Мәселен, 25 жыл еңбек сіңірген әскери қызметшіге ақшалай қаражатының 50 пайызы мөлшерінде зейнетақы тағайындалады. 25 жылдан асқан әр жыл үшін бұл көрсеткіш 2 пайызға артып, ең көбі 65 пайызға жетеді», – деді Татьяна Савельева.
Татьяна Савельеваның мәліметінше, 2019 жылдан бері әскери қызметшілерді әлеуметтік бейімдеу қағидалары қолданыста, бірақ бұрын азаматтық мамандық бойынша қайта даярлауға бюджеттен қаражат бөлінбегендіктен, бұл норма іс жүзінде жұмыс істемеген.
2025 жылы заңнамаға өзгеріс енгізіліп, еңбек өтілі кемінде 10 жыл болатын әскери қызметшілерге педагогикалық қайта даярлаудан тегін өту құқығы берілді. Олар алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы бола алады.
«Қолданыстағы тәртіп бойынша әскери қызметшіні жұмыстан босатуға алты ай қалғанда кадр органы оған әлеуметтік бейімделу құқығы туралы жазбаша ескертуі тиіс. Бұл қолдау үш бағыттан тұрады: психологиялық көмек, азаматтық мамандық бойынша оқу және педагогикалық қайта даярлау. Азаматтық мамандық меңгергісі келетін әскери қызметші оқу орнын өзі таңдап, оқу ақысын өзі төлейді. Ал мемлекет оған 40 күнге дейін қызметтік міндеттерінен босатылып, осы уақыт ішінде ақшалай және тұрғын үй төлемдерін сақтай отырып білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоғары білімі және кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар офицерлер мен аға және жоғары сержанттар бастапқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы болу үшін тегін қайта даярлаудан өте алады. Осындай мүмкіндік Қарулы күштерден ғана емес, ҰҚК Шекара қызметінен, Ұлттық ұланнан, Мемлекеттік күзет қызметінен және Төтенше жағдайлар министрлігінен кеткен азаматтарға да беріледі», – деді Татьяна Савельева.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы педагогикалық қайта даярлаудан 55 әскери қызметші өткен. Олардың 93 пайызы – офицерлер.
Соған қарамастан, министрлік қолданыстағы тәртіпте шешуді қажет ететін мәселе бар екенін айтады. 2026 жылғы 24 маусымда қабылданған заң еңбек өтілі 25 жыл және одан көп әскери қызметшілерге өз еркімен жұмыстан кетіп, зейнетке шығу құқығын берді. Бірақ әлеуметтік бейімдеу шараларын алатын азаматтардың санаты кеңейген жоқ.
Мысалы, 25 жыл қызмет етіп, шекті жасқа жетуіне байланысты кеткен әскери қызметші әлеуметтік бейімдеудің бірнеше түрін пайдалана алады. Дәл сондай еңбек өтілімен өз еркімен жұмыстан шыққан азаматтың мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі еңбек өтілі 20 жыл және одан көп әскери қызметшілерге жұмыстан босатылу себебіне қарамастан әлеуметтік бейімдеу шараларын қолдануды ұсынып отыр. Теріс себептермен жұмыстан шығарылғандар бұл санатқа кірмейді. Сонымен бірге азаматтық мамандық алу үшін берілетін 40 күнге дейінгі оқу уақытын заң деңгейінде бекіту көзделген. Министрлік бұл түзетулер қосымша бюджет қаражатын қажет етпейтінін айтады. Себебі азаматтық мамандық бойынша оқуды әскери қызметшілер өздері төлейді, ал оқу кезінде ақшалай төлемдері сақталады.
«Әскери ортадан кейінгі интеграция қоғамдастығы» қоғамдық қорының жетекшісі Рүстем Жантенов әскери қызметтен кеткен азаматтарды қолдау мәселесін ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарастыру қажет деп санайды.
«Әскери қызметшілердің ел алдындағы міндеті қызметтен кеткен соң да аяқталмайды. Қажет болған жағдайда олардың қайтадан сапқа тұруға дайын болуы үшін азаматтық өмірге бейімделуіне, жұмысқа орналасуына жағдай жасалуы керек. Жастар да әскерге бару туралы шешім қабылдағанда қызметтен кейінгі жағдайды ескереді. Біздің қорға осы уақытқа дейін тұрғын үй төлемдері, зейнетақы, жұмысқа орналасу және жұмыстан босату мәселелері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түсті. Қордың көмегімен 200-ден астам азамат жұмысқа орналасты», – деді ол.
Рүстем Жантеновтің айтуынша, мемлекет әскери қызметшілерді жылдар бойы даярлап, олардың кәсіби білімі мен тәжірибесіне қомақты ресурс жұмсайды. Сондықтан қызметтен кейін осы әлеуетті азаматтық салада пайдалану жолдарын қарастыру қажет.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бақтияр Жазықбаев әскери қызметтен кеткен азаматтар тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарына жүгіне алатынын және Enbek.kz электрондық еңбек биржасын пайдалана алатынын айтты.
«Мансап орталықтары азаматтарға бос жұмыс орындары туралы ақпарат беріп, кәсіби бағдарлауға көмектеседі. Мамандар адамның білімі мен еңбек тәжірибесіне қарай жұмыс ұсынады. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің сұранысына сай кәсіби оқыту ұйымдастырылады. Жұмыссыз азаматтар қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасына қатыса алады. 2024 жылы еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетке шыққан 6 275 адамның 1 339-ы еңбек қызметін жалғастырды. Жұмыспен қамту шараларына 409 адам қатысып, оның 227-сі бос жұмыс орындарына жолданды», – деді вице-министр.
2025 жылы зейнетке шыққан 6 747 адамның 1 478-і жұмыс істеген. Жұмыспен қамту шараларына 447 азамат қатысып, 325 адам бос жұмыс орындарына жіберілген. 2026 жылы 5 931 адам зейнетке шыққан. Олардың 1 351-і еңбек еткен, 554 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып, 418 азамат бос жұмыс орындарына жолданған.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған комитет төрағасының орынбасары Константин Авершин әскери қызметтен кеткен азаматтардың тәжірибесі мен кәсіби білігін азаматтық салада тиімді пайдалануға болатынын айтты. Ол үшін мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру керегін атап өтті.
Жиын қорытындысы бойынша Үкімет пен мүдделі мемлекеттік органдарға әскери қызметтен кеткен азаматтарды әлеуметтік бейімдеу, кәсіби қайта даярлау және жұмыспен қамту тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірленеді.