Платформа баланың 16 жасқа толмағанын өзі анықтап, өзі өшіреді – жаңа заң қалай жұмыс істейтіні белгілі болды

Автор: Махан Миражан

Арман Қырықбаевтың сөзінше, заң қабылданғаннан кейін де 16 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желіге тіркелсе, онда оның ата-анасына айыппұл төлеу қарастырылмаған. Бастапқы уақытта ескерту жұмыстары жүргізіледі

Фото: Freepik

Қазақстанда 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларды әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салынады. Алайда заң жобасы қабылданғаннан кейін де жасөспірімдер желіге тіркелудің түрлі айла-амалын іздеп табады деген қауіп бар. Бұл жағдай қалай бақыланатыны туралы Құрылтай брифингінде Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Брифингте журналистер министрден «16 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желіні пайдалану үшін ВПН қолдануы мүмкін. Бұл қалай бақыланбақ және егер заң қабылданғаннан кейін жасөспірімдер түрлі платформаларға тіркелсе, оған қандай шара бар?» деп сұрады.

Арман Қырықбаевтың сөзінше, заң қабылданғаннан кейін де 16 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желіге тіркелсе, онда оның ата-анасына айыппұл төлеу қарастырылмаған. Бастапқы уақытта ескерту жұмыстары жүргізіледі.

«Заң нормасында ұсынылып отырған нақты жауапкершілік айыппұл салу немесе басқа да жауапкершілік қарастырылмаған. Бұл өз алдына күрделі сұрақ. Барлығына белгілі бір уақыт береміз. Бірақ заң қабылданғаннан кейін қасақана тіркеліп қойған болса, негізгі мәселе оларды бұғаттауда. Онлайн платформа оның 16 жасқа толмаған жас бала екенін анықтайды да өзі өшіріп тастайды»,  деді министр.

Айта кетейік, бүгін Құрылтай бірінші оқылымда онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері жөніндегі екі заң жобасын мақұлдады.
 
Мақұлданған заң жобалары негізінде жедел хабарлар сервистерін қоспағанда, 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларды әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салу көзделіп отыр. Ал уәкілетті органға бес мыңнан астам жазылушы аудиториясы бар онлайн-платформалардың пайдаланушылар тізілімін жүргізу құзыреті беріледі.
 
Сонымен қатар білім беру курстары немесе белгілі бір саладағы оқыту материалы бар контентті тарату кезінде авторлар диплом немесе сертификатпен расталған тиісті білімі туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті болады.
 
Сондай-ақ «оккульттік қызметтер» ұғымы енгізіледі. Бұл – табиғаттан тыс, паранормалды немесе ғылыми тұрғыдан расталмаған қабілеттер туралы мәлімдемелерге негізделген қызметтер. Мұндай қызметтер туралы контент оның ойын-сауықтық сипаты және ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағаны туралы ескертумен сүйемелденуге тиіс.