Елімізде 124 мыңнан астам мүгедек бала бар
Қазақстанда параспортшылардың жетістігі туралы көп айтылады, бірақ саладағы проблемалар назардан тыс қалып жатыр. Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы Фракциясының мүшесі Айсұлу Сүлеймен туризм және спорт министрінен мүгедектігі бар балалардың қаншасы спортқа барып жүргенін, қанша нысан параспортқа бейімделгенін, инфроқұрылымның санын, қаражат көлемін нақты анықтап, саладағы мән берілмей келген мәселенің бәрін қолға алуды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, өзі 2011 жылы жол апатына түсіп, екі аяғынан айырылған соң, арада 6 жыл өткенде спортқа оралған. Өйткені параспорт туралы ақпарат өте аз болып, уақытын жоғалтқан.
«Сондықтан ата-аналарды ақпараттандыру жұмысын қарқынды жүргізу керек. Бүгінде Қазақстанның намысын халықаралық жарыстарда қорғап жүрмін. Бірақ мен сияқты қанша жас әлі күнге дейін параспортпен айналысуға мүмкіндігі бар екенін білмей жүр», - деді ол.
Депутаттың мәліметінше, Қазақстанда 743 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың 124 мыңнан астамы – балалар. Спортпен тұрақты айналысатын мүгедектігі бар азаматтардың саны шамамен 66 мың адам. Бұл медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдардың 19,5 пайызы.
«Спортпен айналысуға мүмкіндігі бар әрбір бес адамның төртеуі тұрақты жаттығуларға қатыспайды. Бұл елімізде 26 мыңнан астам спорт нысаны бар екенін ескерсек, ойланатын жағдай», – деді депутат.
Депутат параспортты дамытуда үш негізгі мәселе бар екенін айтты.
Біріншісі – спорт нысандарының қолжетімділігі. Оның сөзінше, ғимаратта пандус пен лифттің болуы жеткіліксіз. Арнайы жабдықталған жаттығу залдары мен бейімделген спорт құралдары қажет. Сондықтан спорт нысандарының жалпы санын ғана емес, олардың қаншасы параспортшыларды қабылдауға дайын екенін анықтау қажет.
Екіншісі – білікті жаттықтырушылар тапшылығы. Айсұлу Сүлеймен 2026 жылдан бастап спорт мектептеріндегі жаттықтырушылардың жекелеген санаттарына 30 пайыздық үстемеақы қосылғанын еске салды, бірақ оның параспорт клубтары мен орталықтарының жаттықтырушыларына қатысы бар-жоғы белгісіз.
Үшіншісі – мүгедектігі бар балаларды спортқа ерте жастан тарту. Депутат балалардың спортпен айналысуына не кедергі екенін анықтау қажет деп санайды. Оның пікірінше, бұл бағытта мектептер, оңалту орталықтары мен спорт ұйымдарының өзара байланысын күшейтіп, ата-аналарды көбірек ақпараттандыру керек.
Сонымен қатар депутат бұқаралық және балалар параспортына бөлінетін қаржы ашық көрсетуді ұсынды.
«Біз кәсіби параспортшылардың жетістіктерін мақтан тұтамыз. Біз бұқаралық және балалар параспортына қанша қаражат бөлінетінін де нақты білуіміз керек. Сондықтан спорт нысандарына түгендеу жүргізіп, олардың параспортқа қолжетімділігін өңірлер бойынша бағалауды ұсынамын. Жаңа салынатын және жаңғыртылатын спорт нысандарында мүгедектігі бар адамдарға қажетті жағдайлар қарастырылып, олардың қолжетімділігін бақылау керек. Сонымен қатар параспорт жаттықтырушыларының санына, жалақысына және кадр тапшылығына талдау жүргізіп, оларды ынталандыру шараларын кеңейту қажет. 2027–2029 жылдарға арналған параспорт қаржысын жеке есепке алып, бұқаралық, балалар және жоғары жетістіктер спортына бөлінетін қаражатты бөлек көрсетуді сұраймын. Сондай-ақ осы кезеңге арналған нақты іс-шаралар жоспары әзірленіп, онда жауапты органдар, мерзімдер, қаржыландыру көздері мен өлшенетін нәтижелер белгіленуі тиіс. Мемлекеттік инвестициялардың тиімділігі тек салынған спорт нысандарының немесе жеңіп алынған медальдардың санымен өлшенбеуі керек. Ең бастысы – спортпен айналысуға мүмкіндік алған адамдардың саны. Мемлекеттің басты міндеті – чемпион атанғандарды қолдау ғана емес, өзінің чемпион болуға мүмкіндігі бар екенін әлі білмейтін жандарға жол ашу», - деді депутат.