Маңғыстауда оқушылар арасында экологиялық квест өтті

Автор: Темірхан Айжан

Іс-шара оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа деген қызығушылығын ояту мақсатында ұйымдастырылды 

Фото: Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығы

Маңғыстау облысында 13–14 жастағы оқушылар «Табиғат детективтері» атты экологиялық квестке қатысты. Олар бірнеше кезеңнен тұратын сайыста табиғатқа қатысты тапсырмаларды орындап, білімін сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасай отырып.

Іс-шараны облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен білім басқармасы ұйымдастырған. Байқауға өңірдегі жалпы білім беретін және ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарының оқушылары қатысты. Әр команда үш баладан жасақталды.

Квест аудандық, қалалық және облыстық кезеңдер бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар үш түрлі бағытта сынға түсті.

«Алғашқы кезеңде оқушылар экологиялық тапсырмалар мен логикалық жұмбақтарды шешті. Екінші кезеңде интернет қосымшаларын пайдаланып, қажетті ақпаратты іздеді және басқатырғыштарды орындады. Ал соңғы кезеңде дыбыс, жарық, иіс пен тактильді сезімдерге негізделген тапсырмалар ұсынылды», - деді Облыстық дене тәрбиесі және туризм орталығы экология-биология бөлімінің жетекшісі Думан Нұрболатұлы.

Оның айтуынша, квесттің мақсаты - оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа деген қызығушылығын ояту болған.