Бүгін, 15:35
Қоғам

Атыраудағы дәмханада 12 500 теңгені төлемей, ұмытып кеткен көпбалалы ана желі жұлдызына айналды

Оның видеосын құрбылары көріп, өзіне жіберген

Атыраудағы дәмханада 12 500 теңгені төлемей, ұмытып кеткен көпбалалы ана желі жұлдызына айналды
Фото: istockphoto.com

Атыраудағы дәмханалардың бірінде қызық жағдай орын алды: төрт баласымен тамақ ішуге келген әйел есепшотты төлемей, ұмытып кеткен. Егер клиент есепшотты төлемесе, ақша даяшының мойнына асылады. Сондықтан, дәмхана әкімшілігі әйелдің суреті мен видеосын Threads желісіне жүктеп, оған іздеу салған, деп жазады Azattyq Rýhy

«Атырау. 14.11.2026 жылы кешкі 18.10 шамасында келген осы қонаққа іздеу саламыз. Есепшотты төлемей, ұмытып кетіпті. Сома – 12 500 теңге. Танысаңыздар, осыны жіберсеңіздер. Егер бұл кісі табылмаса, есепшотты даяшы төлейді», - деп жазған дәмхана әкімшілігі.

Бұл жазбаны әйелдің құрбылары да көрсе керек, бірден хабарласып, мән-жайды түсіндірген. Ақыры әйелдің өзі де жазбаны көріп, ақшаны төлеуден қашпайтынын айтқан.

«Бұл мен. Шынымен ұмытып кетіппін. Төрт баламен жүрген аналар түсінеді. Даяшыдан есепшотты сұрап едім, кассаға барып төлейсіз деді. Сол аралықта бір балам «жоғалып» кетіп, соның арасында дәмханадан қалай шығып кеткенімді білмеймін. Ұят болды. Кісі ақысын жеген адам емеспін. Түсіністікпен қарап жазғандарға да, даттағандарға да рақмет. Есепшотты негізі сол жерде төлейтін ету керек еді», - деп жазған көпбалалы әйел.

Оның видеосы көп қаралым жинаған, ал пікір жазғандар дәмханаға жалғыз баратын аналардың мойнында шынымен көп жауапкершілік тұратынын еске салған.