Қазақстандықтар 17 қарашада интернетсіз және азық-түліксіз қалуы мүмкін бе: министрліктер жауап берді

Автор: Асыл Арман

Интернет өшіп, азық-түлік тапшылығы болады деген ақпарат рас па

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда 17 қараша күні жаһандық кибершабуыл жасалатыны туралы бейресми ақпарат тарады. Хабарламада интернет үш айға дейін істемей қалуы мүмкін екені айтылып, тұрғындарға алдын ала молынан азық-түлік жинап қою керектігі айтылған. Осы мәселеге қатысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әлемде интернетті өшіретін тетік жоқ»

Цифрлық даму министрлігі 17 қараша күні әлемдік кибершабуыл жасалып, интернет үш айға дейін болмайтыны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ведомство өкілдері әлемдік интернет желісін бір ғана тетік арқылы толықтай тоқтату мүмкін емес екенін айтты.

«Интернет – бір-бірімен байланысқан көптеген тәуелсіз желіден тұратын орталықтандырылмаған жүйе. Оның бірыңғай басқару орталығы немесе бүкіл әлем бойынша интернет жұмысын тоқтатуға мүмкіндік беретін біртұтас техникалық нүктесі жоқ», – дейді министрлік.

Ауыл шаруашылығы министрлігі не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрлігі ең алдымен Қазақстанда азық-түлікпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты екенін хабарлады. Сауда желілерінде негізгі азық-түлік өнімдерінің қоры жеткілікті, дүкендерге тауарлар әдеттегі кесте бойынша жеткізіліп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, биыл елімізде 24,6 млн тонна астық, 5,4 млн тонна майлы дақыл, 3,4 млн тонна көкөніс және 2,9 млн тонна картоп жиналған. Ведомство бұл өнім көлемі ішкі сұранысты толық өтеуге әрі экспортқа шығаруға жеткілікті екенін атап өтті.

«Негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі Қазақстанда өндіріледі. Отандық өнім ішкі сұраныстың 80-100 пайызын және кейбір тауарлар бойынша одан да көп бөлігін өтейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және азық-түлікті дүкендерге жеткізу тоқтаусыз жалғасып жатыр. Азық-түлік тапшылығы туындауы мүмкін деген қауіпке негіз жоқ. Тұрғындарға қосымша қор жинаудың қажеті жоқ. Азық-түлікті жаппай сатып алуға да ешқандай себеп жоқ», – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Министрлік өңірлердегі азық-түлікпен қамтамасыз ету жағдайын әкімдіктермен бірлесіп тұрақты бақылауда ұстап отырғанын да хабарлады.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі де осы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасаған.