Бектенов бір ай ішінде газ баллондарын жаңартудың жаңа тетігін әзірлеуді тапсырды
Естеріңізде болса, тура екі жыл бұрын Azattyq Rýhy Қазақстандағы ескі газ баллондарының «тағдырын» қозғап, зерттеу жүргізген еді. Тілшіміз әр тарапқа ресми сауал жолдай отырып, тақырыпты үш айдай зерттеді. Анықтағаны, 2024 жылы Қазақстанда бір де бір жаңа газ баллоны болмаған. Қазақстандағы үйлер мен дәмханалар қолданып жүрген бүкіл газ баллондарының саны 348 мың болған және олардың бәрі ескі болған.
Екі жыл бұрын Энергетика министрлігінен ескі баллондарды сонда кім және қашан ауыстырып отыруы керек екенін сұрады. Ресми жауаптан білгеніміз, қазір Қазақстан газ баллондарының айналымын тіпті электронды жүйеге енгізбеген де.
Ал бүгін үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Көкшетау қаласында газ баллонын шығаратын су жаңа зауыт салынды деп хабарлады. Және біздің екі жыл бұрынғы есебімізді тағы да растады.
«Бүгінде 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны 40-50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оларды шұғыл ауыстыру керек. Өнеркәсіп министрлігіне баллондар өндірісін жолға қоюды тапсырған едік. Қазір Көкшетау қаласында осындай зауыт ашылды», - деп мәлімдеді Бектенов.
Үкімет бұл зауытпен шектелмей, Атырау мен Алматыда да баллон шығаратын кәсіпорын саламыз дейді. Бұдан басқа премьер-министр небары бір ай ішінде бүкіл баллонды жаңартудың тетігін әзірлеуді тапсырды.
«Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде барлық өңірлердегі қолданыстағы газ баллондарын жаңарту мен айналымнан алудың, сондай-ақ бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырамын», - деді Бектенов.