«Сәл бір шаруа шықса болды, жеке чат ашатын әдет бар»: Аймағамбетов неге үш сағат бойы хаттарға жауап бермейтінін айтты

Автор: Бақыт Шынар

Депутаттың пайымынша, телефондағы чаттар адамның уақытын бөледі

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов телефондағы сан түрлі чаттар мен хаттар адамның ойын бөліп, жұмыс істеуге кедергі келтіреді деген ойда. Яғни, депутаттың пайымынша, телефонға телміргендердің бәрі жұмысты тындырмайды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Аймағамбетовтің өзі болса жұмысы нәтиже беру үшін телефонын үш сағат бойы «зейін қою» режиміне ауыстырады екен. 

«Мессенджердің бітпейтін дыбысы адамның ойын бөліп, жұмысқа ден қоюға кәдімгідей кедергі екен. Оның үстіне бізде сәл бір шаруа шықса болды, жеке чат аша салатын әдет бар ғой. Ол да жағдайды қиындата түседі. Үш сағаттан соң телефонды ашып қалсаң - жүздеген хабарлама толып тұрады. Ішінде міндетті түрде реніш те, сұрақ та бар: неге бірден жауап бермейсіз? Байқасақ, үнемі байланыста болуды жауапкершіліктің белгісі деп санауға үйреніп кетіппіз. Бірақ күні бойы телефонға телміріп отыру мен тындырымды жұмыс істеу - екеуі екі бөлек нәрсе ғой», - дейді депутат.

Бірақ, Аймағамбетов бұл мәселеде бір гәп бар екенін және ол гәп өзімізде екенін айтады.

«Әр дыбысқа елеңдей бермей, телефонға қашан қарайтыныңды өзің реттеуге көшу маңызды. Бірақ гәп тек өзімізде ғана емес сияқты. Шыны керек, кейде өзіміз де өзгелерден сол мезетте жауап күтеміз. Меніңше, өзара былай келісіп алуға болады: шаруа шынымен тығыз болса - қоңырау шалайық. Ал асығыс болмаса - бірнеше сағат күте тұруға әбден болады», - дейді пікірін айтқан.

Яғни, Аймағамбетов қазір қоғам адамның демалу құқығын құрметтеуді үйрендік, енді ешкімге алаңдамай, тыныш отырып жұмыс істеу құқығын сыйлауды үййренейік дейді.