«Ит үреді, керуен көшеді»: туған қызын ернінен сүйді деген ер адам ел алдына шықты (ВИДЕО)

Автор: Асыл Арман

Жағдайды анықтау үшін білім бөлімі мен қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі баратын болды

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде қызын туған күнімен құттықтаймын деп дауға қалған ата-ана ел алдына шығып, жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қыз баланың ата-анасы әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы видео жариялап, жағдайдың барысын түсіндіріп берді.

«Бізді қолдап жатқандарға рақметімізді айтамыз. Бұл жағдай қарастырылып жатыр. Айдың-күннің аманында жақсылық істесе, жасыратын, жамандық істесе асыратын, одан түк таба алмаса, ойдан құрастыратын заманда өмір сүріп жатырмыз. Резонанс туып жатыр ғой. Біз ешкімнің алдында ақталмаймыз. Түбі ақиқат ашылып шығады. Қызымның туған күні. Бар жазығым, қызымды иіскелегенім. Бетінен сүйіп, мұрнынан иіскедім, тұңғышым ғой деп», – дейді жасөспірім қыз баланың әкесі.

Олар сөзін жалғай отырып, істің соңына дейін барып, ақ-қарасын көрсететіндерін ерекше атап өтті.

«Ертең бізге білім бөлімінен және қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінен келеді. Біз де соны қалап отырмыз. Біз бұл іспен соңына дейін барамыз. Ақ-қарасын ажыратамыз. Видео да саламыз. Заман не болып кетті? Керуен көше береді, ит үре береді. Ақылы бар, миымен ойлайтын кісілер адекватты қарайды. Көбісінің жазғаны негатив. Адам не көргісі келеді, сол шығып отыр. Бізде бәрі жақсы. Біз ондайға сынбаймыз, уайымдамаймыз. Бұл да бір Алланың сынағы. Көре алмайтындар да бар шығар бізді. Біз қарапайым отбасымыз, төрт баламыз бар», – дейді қыз баланың әкесі.

Ол сөз арасында кезекті рет қызын мейірлене иіскеп, құшақтағанын тілге тиек етті.

«Біз ешқандай да қылмыс жасаған жоқпыз. Жазығым, қызымды мұрнынан иіскеп, құшақтап тұрғаным. Көңілім босап, кішкентай күндері есіме түсіп кетті. Осы мәселе бойынша, адвокатпен сөйлестік. Бізге айтқан ақылы – ар-намысыма тиетіндей негатив жазғандарды скриншот жасап алу», – дейді әкесі.

Ол сөзін жалғай отырып, видео жарияланған күннің ертеңінде «танымал» болып кететіндерін ойламағанын айтты. Сол сияқты өздерінің видеосын, бет-әлпетін рұқсатсыз жариялағандардың үстінен арыз жазатындарын қоса жеткізді.

«Бізбен бірге ешкім өмір сүріп жатқан жоқ. Видеомыз бәлкім басқа ракурстан түсіп қалған болар. Ақылды адам екі тарапты да тыңдайды, ақылсыз адам миымен не ойлады, соны шығара береді», – дейді ол.

Сөз соңында өздеріне жала жабылып жатқанын, түрлі блогерлер парақшасының белсенділігін арттыру үшін орынсыз мәліметтер таратқанын, бұл өздеріне кері әсер етіп жатқанын тілге тиек етті.

«Екі-үш күннен кейін бұл да ұмытылады», – де сөздерін тәмамдады.

Айта кетейік, осыған дейін полиция тексеру жүргізіп жатқаны хабарланған.