Қызды өлген адамға теңеп, бетін ақ матамен жапқан ба: дәстүртанушы тойлардағы даулы рәсімнің мән-мағынасын түсіндірді

Автор: Тәжібай Әлия

Айтуынша, қазақта бұндай ырым болмаған

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Қазақта ұзатылған бойжеткеннің артынан ата-анасы жасау апарғанда анасы көбіне қызына естелік болсын деп өз қолымен түскиіз, көрпе-жастығын тігетін. Қазаннан басқа ыдыс-аяғын да апаратын. Бертін келе жасаудың ішіне жиһаз бен сән-салтанаты келіскен ыдыс-аяқ, киім-кешек қосылды. Ал қазір заман талабы өзгеріп, енді ата-аналар жасауды ақшалай беруге көшті.  Мысалы, жақында әлеуметтік желіде қыз жасауының орнына үй алуға алғашқы жарна ретінде берген 2 миллион теңгенің суреті тарап, көптің назарын аударды. Желі қолданушыларының басым бөлігі артық зат сатып алып, босқа шашылғаннан гөрі, осындай тәсілдің жақсы екенін айтады.

Десе де, төркіні арнайы әкелетін жүктің мәні неде? Ұмыт болған қандай тыйымдар бар? Azattyq Rýhy әртүрлі зерттеушілерді сөйлесіп, ырым мен тыйымның мән-мағынасын нықтап көрді.

Теолог Берік Саймағамбетовтің айтуынша, қыз барған жерінде ештеңеге мұқтаж болмай, өз алдына түтін түтетуі үшін жақындары жағдайын жасауға тырысқан. Яғни, жасау – тұрмысқа қажет заттар, ал ең бастысы, ата-ананың перзентіне көрсеткен қамқорлығы мен ақ батасының белгісі саналған.

«Жасау бір күнде дайындалатын дүние емес. Бұрын әулеттегі аналар оны жылдар бойы жинаған. Бес көрпе, үш көпшігін қолмен тігіп, кестелеп, тоқыған», – деді Берік Саймағамбетов.

Ал ырым-тыйымға келсек, төркіні дүние жинағанда қазан қоспаған.

«Бұл «үйдің ырысы мен құты бірге кетеді» деген нанымнан туған. Кей өңірде ошақтың оты өшпесін, шаңырақтың берекесі ортаймасын деген ниетпен өзге де тыйымдарды сақтаған. «Алты жастан жинасаң – артылдырасың, жеті жастан жинасаң – жеткізесің» деген мақал да осы дәстүрдің ерте бастан қамдануды көздегенін аңғартады. Мұның бәрі жас отбасының тұрмысын түзеуіне, жас келіннің барған жерінде тарықпауына жағдай жасау үшін ойластырылған. Өкінішке қарай, қазір барлығын даңғаза мен бәсеке алмастырды», – дейді ол.

Бізге сұхбат берген тағы бір зерттеуші Бақберген Сәрсенбайұлы да бұрын жасауға қазан мен пышақ қоспағанын, тіпті бір затты екеуден бермегенін айтады.

«Ырымшыл қазақ халқы әр үйдің қазаны мен берекесі өзінде болу керек деп есептеген. Ал жамандықтан сақтап, жастарды бірге жұп болып кетсін деген мақсатта заттарды тек тақ санмен берген», – деп түсіндірді теолог.

«Қазақта мұндай ырым болмаған»

Өздеріңіз білетіндей, жақында әлеуметтік желіде ұзатылатын бойжеткенді кілемге отырғызып, төрт жағынан төрт ер адамның көтерген кадрлары тарады. Видеодағы әйел мұны бұрыннан келе жатқан қазақы ырым деп түсіндіріп, тұрмыс құрған қызды өлі адамға теңейтінін айтқан еді.

Осы рәсімге байланысты әлеуметтік желіде қызу пікірталас болды.

Халық: «Қандай ата-ана қызын өліге теңейді?», «Барған жерінде бақытты болып, ұрпақ сүйсін деп ақ батасын бермей ме?» деген мазмұндағы пікір жазды.

Дәстүртанушы Сәкен Алдашбаевтың айтуынша, өлген адамға теңеу туралы түсінікті тура мағынасында қабылдауға болмайды. Мұның астарында бойжеткеннің төркінінен бөлініп, өзге әулетке келін ретінде аттанатынын білдіретін ой жатқанын айтады.

«Қазақта мұндай ырым болмаған. Тек тәлім-тәрбие мақсатында тұспалдап айтылған. «Кеткен қыз – шиден тысқары» деген сөз бар. Бұл оның енді басқа елдің адамы екенін білдіреді», – дейді Сәкен Алдашбаев.

Сонымен қатар дәстүртанушы қыз ұзату мен қыз жасауына қатысты берек деп аталатын киім туралы мәлімет берді. Ол – сәукеленің ішінен киетін, басы шошақай келген, ортасынан тілінген, қалыңдықтың жүзін жауып тұратын ақ киім. Яғни, қазіргі қоғамның дәстүрге айналдырып алған кілем жабу процессі осыдан қалған көрінеді. 

«Бойжеткенді шығарып салған кезде оған сол беректі жапқан. Яғни мәйітті шығарып салған рәсімге ұқсайды. Дегенмен мұның мәні қалыңдықты өлген адамға теңеу емес. Бұл қалыңдықтың төркініндегі бұрынғы мәртебесі аяқталып, өзге шаңыраққа бара жатқанын білдірген. Ал келін болып түскеннен кейін бірінші сәукелесін шешеді, ал берегі басында қалады. Оны беташарда ашады. Бұл өмірді қайта бастайсың  деген мағынаны білдіреді», – дейді Сәкен Алдашбаев.

Сәукеле «сау келуден» шыққан ба: ұзату рәсіміне қатысты қызық дерек

Кез келген тірлікті «оңынан болсын» деп істейтін қазақ қыз баланы да құрметтеген.

«Мысалы, ер адамның қару-жарағы оң жақта тұрған. Себебі жау шапқанда үйге кіріп, лезде қаруын алып, қорғануға дайын болуы керек. Мәйітті де тура осылай жатқызса, тұрмысқа шықпаған бойжеткендер де оң қапталда отырған. Мұның бір себебі – оны Құдай қосқан жарына тезірек қосылсын деген ниет. Бұл – қазақтың әдебінен қалыптасқан түсінік», –  деді Сәкен Алдашбаев.

Ал теңін тауып, төркінінің үйінен кететін кезде ұзату рәсімін күн батқанға дейін аяқтауға тырысқан.

«Ол заманда бүгінгідей көлік болмаған соң қызды күндіз ұзатып, күн батпай арнайы қарулы сарбаздармен бірге межелі жерге жетуге тырысқан. Себебі жолай барымталықпен айналысатын көлденең көк аттылар көп болған. Яғни, ең алдымен қауіпсіздік үшін жасалған», – дейді Бақберген Сәрсенбайұлы.

Теологтың сөзінше, сәукеле сөзінің түптөркіні қалыңдықтың жолдан аман-есен жетуіне қатысты «сау келе жатыр» деген ұғыммен де байланысты.