Нұр-Сұлтанда күн сайын 60-110 бала дүниеге келеді
Нұр-Сұлтан қалалық Статистика департаменті нәрестелердің арасындағы ең жиі қойылатын есімдерді атады. Жыл басынан бері дүниеге келген ұл балалар арасында ең көп тараған есім Рамазан (97) болса, одан кейін Әмір (95), Әлихан (87), Алан (73) және Әли (72) есімдері тіркелген.
Статистикалық мәліметтер бойынша, Омар, Макар, Әміре, Мирон, Тимофей, Демид, Ибрагим сияқты ныспылар қайтадан танымал бола бастаған. Жаңа туған ер балалар арасында кездесетін ерекше есімдер: Инаят, Рамис, Дален, Далер, Адриел Арчи, Азарий, Арби.
Жаңа туған қыз балалар арасында ең танымал Медина (150) есімі болса, үздік бестіккке кіретін есімдер: Айлин (149), Аяла (114), Айша (113) және Амина (105). Сирек кездесетін есімдер: Алиша, Аруназ, Сафина, Ханифа, Эвелина, Айшабибі, Имона, Аврора, Тея, Яссауина.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, 2020 жылдың соңғы алты айтында Нұр-Сұлтан қаласында 14 123 бала дүниеге келді.
Сонымен қатар қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Татьяна Бишораеваның айтуынша, елордада егіздер мен үшемдер саны артқаны байқалады. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан перзентханаларында 93 егіз (өткен жылы – 77) және 3 үшем (былтыр – 1) дүниеге келді.