Қарағандының әкімін сотқа берген әйел істі жеңіп шықты – үкім жария болған сәттегі видео таралды

Автор: Бақыт Шынар

Сот қазан айында өткенмен, оның ақпараты енді шығып жатыр

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қарағанды тұрғыны Екатерина Приходько алты жыл бұрын қайтыс болған ағасының үйінен мұра алу үшін қала әкімі Мейрам Қожықовты сотқа беруге мәжбүр болған екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қарағанды соттарының мәліметіне сүйенсек, арызданып отырған әйелдің ағасы 2020 жылы ақпанда қайтыс болған. Заң бойынша оның үйінің ½ қарындасына мұра ретінде қалу керек. Екатерина Приходько алты жылдан кейін осы мұрагерлікті қабылдағысы келгенде, нотариус құжат рәсімдеуден бас тартқан. Заң бойынша бұл үйдің қақ жартысы қайтыс болған ер адамдікі, ал екінші бөлігі қарындасынікі болған.

«Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының № 2 аудандық соты Екатерина Приходьконың  Қарағанды қаласының әкіміне қойған азаматтық ісін қарады. Әйел мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тану туралы арыз жазған», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Соттың мәліметіне сүйенсек, әйелдің ағасы 2020 жылғы 9 ақпанда қайтыс болған.

«Алайда оның қайтыс болғаны тек 2026 жылғы 16 маусымда, яғни нақты қайтыс болған күнінен бастап алты жылдан астам уақыт өткен соң мемлекеттік тіркеуден өткен. Ағасы қайтыс болғаннан кейін оған тиесілі тұрғын үйдің 1/2 үлесі түріндегі мұра ашылған. Алайда нотариус заңда белгіленген алты айлық мерзімді өткізіп алуына байланысты мұраға құқық туралы куәлік беруден бас тартқан», - деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Соттың мән-жайын және ұсынылған дәлелдемелерді зерделей келе, сот мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алуға объективті себептер негіз болған деген қорытындыға келіп, әкімнің емес, әйелдің пайдасына үкім кескен.