Егемендік жылдары елімізде 800-ден астам полицей қаза тапты
Қызметтік борышын өтеу кезінде полицейлердің қаза табуы – қоғамды бейжай қалдырмайтын ауыр жағдай. Жыл басынан бері бірнеше тәртіп сақшысы міндетін атқару үстінде өмірімен қоштасып, қайғылы оқиғалар елдің қабырғасын қайыстырды. Олардың артында жақындарынан айырылған отбасылары, орны толмас қасірет пен сағыныш қалды. Azattyq Rýhy агенттігінің тілшісі соңғы уақытта болған, көпшіліктің жағасын ұстатқан оқиғаларды жинақтап, шолу жасады.
Түркістандағы қайғылы жағдай. Биыл 2 шілде күні Түркістан қаласында патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков жұмыс барысында жол апатына ұшырап, қаза тапты.
Марқұмның отбасына Ішкі істер министрі Ержан Сәденов көңіл айтты.
«Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Түркістан қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы полиция капитаны Бауыржан Қонысбековтің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Ішкі істер министрлігі марқұмның отбасына жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді Ержан Сәденов.
Өскеменде дәмханадағы жанжал. Биыл 4 қазанға қараған түні қаладағы дәмханалардың бірінде жанжал болып, 40 жастағы ер адам ауыр жараланады. Сол жарақатынан ол есін жимастан көз жұмды.
Көп ұзамай Полиция департаменті қаза тапқан ер адамның тәртіп сақшысы болғанын растады. Бірақ қайғылы оқиға болған түні қызметте болмаған. Ал оны ұрып өлтірген күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Тиісінше, үстінен қылмыстық іс қозғалды.
БҚО-да екі полицей қаза тапты. Батыс Қазақстан облысына қарасты Тасқала ауданында жұмыс бабында жүрген екі бірдей полицей жол апатынан қаза тапты. Сол апаттан полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полицияның аға сержанты Нұрғали Әдиев тіл тартпай кетті.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов марқұм полицейлердің туыстарына көңіл айтып, жан-жақты көмек көрсетілетінін хабарлады. Жол апаты биыл 3 шілде күні болды.
Астана маңындағы жол апаты. Бірер күн бұрын, нақтырақ айтқанда 3 қараша күні Шортанды ауылына жақын маңда, Астана-Петропавл тасжолында жол апаты болып, полиция капитаны Данияр Таев ауыр жараланды. Ауруханаға жылдам жеткізілгенмен, беті бері қарамай, бақилық болды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, ол патруль көлігімен жол жұмысына арналған техниканы бастап келе жатқан. Дәл осы жолда JAC көлігін мінген жүргізуші жылдамдығын шамадан асырып, оларға тым жақын жүрген. Салдарынан екі көлік бір-бірімен соқтығысып қалды.
Қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, JAC автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сөз соңында айта кетейік, былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйлеп, егемендік жылдары қаза тапқан тәртіп сақшылары туралы қозғап өткен.
«Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында 842 азамат қызметтік міндетін орындау барысында қазаға ұшырады, 4,5 мың адам жарақат алды», – деген еді президент.