Назым Қаһарманның үстінен бұрынғы енесі тағы да арыз жазған
Қуандық Бишімбаевтың экс-әйелі Назым Қаһарман бұрынғы енесі оның үстінен осымен бесінші рет арыз жазып отырғанын, бұл арыздың «құны» 22 млн теңге екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл оқиғаға қатысты бірнеше видео түсірген Назым Қаһарман бұл әулеттің бұрын аты айтылмаған туыстарын атап, осы 22 млн теңге арызға олардың да қатысы бар екенін айтқан.
«Сағындық дегеннің кім екенін түсіндіру үшін Бішімбай әулетінің шежіресін айтып берейін. Бішімбайдың Қозыке деген ұлы болған, Қозыкенің екі ұлы бар – Уәлихан мен Әзім. Уәлиханнан Қуандық, Әзімнен Сағындық тарайды. Міне, менің енеме ғимараттың құқығын беріп, сол арқылы енемнің арызына себепші болып отырған осы Сағындық», - дейді Назым Қаһарман.
Яғни, Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевпен ажырасарда осы ғимаратты жалға беріп немесе басқа да жолдары арқылы табыс тауып, сол қаражатты алименттің орнына пайдаланатын болып келіскен екен. Енді Назым Қаһарман ауызша келісімнің кесірі тиіп жатқанын, сондықтан, көп күш кететінін білсе де бүкіл шығынның чегін ұсынып, алимент өндіріп алатынын айтқан.
«Бұл арызда менің жаныма бататыны 22 млн теңге емес. Менің жаныма бататыны – ұлымның биыл мектеп бітіріп, университеттерге құжат жинап, жоба жазып жатқанына қарамастан, ата-әжесінің осындай арамдық жасап отырғаны. Бұл ғимараттың үш иесі бар – біреуі Қуандықпен бірге сотталған Бақытжан Байжановтың әкесі, екіншісі менің бұрынғы енем, үшіншісі сол балаларымның ағасы Сағындық еді. Сағындықты жақсы жігіт деп ойлайтынмын, бірақ қазір ол бүкіл құқығын менің енеме бере салып, «сен тимесең, мен тиме» деп отыр. Бірақ, Байжановтың тағдыры кез келген зұлымдыққа тікелей қол тигізбесең де, үнсіз қала отырып та сол зұлымдықтың ішіне кіріп кетуің мүмкін екенін көрсетті емес пе!?», - дейді Назым Қаһарман.
Естеріңізге салайық, Қуандық Бишімбаев 2023 жылы 8 қарашадан 9 қарашаға қараған түні Астанадағы мейрамханада азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрған. Соның салдарынан Нүкенова 9 қараша күні кешке таман көз жұмған. Бишімбаев тура сол күні Астанадағы уақытша қамау изоляторына қамалып, 2024 жылдың көктеміне дейін тергелді. Оның соты 2024 жылғы 27 наурызда басталып, 13 мамыр күні аяқталды. Судья оны 24 жылға бас бостандығынан айырды.