«Зорлық-зомбылық құрбандарына небары 130-200 мың теңге төленеді»: Имашева бұрын айтылмаған мәселені қозғады

Автор: Бақыт Шынар

Снежанна Имашева нақты сандар мен мысалдарды атап өтті

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева Бас прокурор, Ішкі істер министрі мен Қаржы министрінің атына депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда бұрын-соңды көп айтылмаған мәселені қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 

Жалпы, Снежанна Имашева бұл депутаттық сауалын жарияламас бұрын, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында айтылған жәбірленушіні қорғау және зардап шеккен адамдарға қатысты әділдікті қалпына келтіру ұғымдарын алға тартты.

Оның айтуынша, осы мақсат-мүддені қорғауға қатысты тетіктің бірі «Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры».

Қор 2018 жылы құрылған және жәбірленушілердің жекелеген санаттарына біржолғы ақшалай көмек көрсетеді. Ал өтемақы төлеуге құқылы азаматтар ретінде ол зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар, ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандар, қанау мен адам саудасының құрбаны болғандар, денсаулығына аса зиян келген адамдар мен жақыны қылмыстан қайтыс болғандарды атады.

Бірақ, осындай ауқымды мәселелер қамтылса да, депутат Қордың жұмысында қордаланып қалған бірқатар мәселелер бар деді.

«Бірінші. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қор жұмыс істеген кезеңде 9 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Бірақ, Қор жұмыс істеген сегіз жыл ішінде шамамен 5 500 жәбірленушіге 855 млн теңгеден астам өтемақы төленген. Қордағы қалдық – 8,5 млрд теңгені құрайды. Өтемақы алуға құқылы адамдардың саны бұдан көп болуы мүмкін деп пайымдауымыз», - дейді депутат.

Екінші, депутат атап өткендей, Қордың төлейтін өтемақы сегіз жыл ішінде бірде бір қайта қаралмаған. Яғни, Имашеваның айтуынша, осындай ауыр қылмыстан зардап шеккендер 30-50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ғана өтемақы алады.

«Бұл 130-200 мың теңгенің көлемі деген сөз», - деп қадап айтты депутат.

Үшіншіден, Имашева атап өткендей, Конституция бойынша, адам «жәбірленуші» деген мәртебе ала сала оған осы өтемақы төленуі керек. Бірақ, іс жүзінде қазір өтемақы тағайындау мерзімі кей жағдайда тіпті 4 айға созылып кетеді екен.

«Төртінші. Қазіргі уақытта сотталғандардан және өзге де адамдардан Қор төлеген қаражатты регрестік тәртіппен өндіріп алу деңгейі төмен күйінде қалып отыр», - деді Имашева.

Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, «Әділет» депутаты мына ұсыныстарын жария етті:

  • «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қолданылу тәжірибесіне кешенді талдау жүргізу, оның ішінде жәбірленушілердің өтемақы алу үшін жүгінбеу себептерін анықтау;
  • Төленетін өтемақы мөлшерін ұлғайту немесе оны алушылар санатының тізбесін кеңейту мәселесін қарастыру;
  • Өтемақы тағайындау рәсімі мен оны төлеу тетіктерін жетілдіру, олардың қолжетімділігін, жеделдігін және толық автоматтандырылуын қамтамасыз ету;
  • Өтемақы тағайындау және төлеу процесін толық автоматтандыруды қамтамасыз етіп, оның ішінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті базасында бірыңғай цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыру.