Оның бірі Сарыағаш ауданында, бірі Кентау қаласында болған
Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күндізгі және түнгі рейд жұмыстарын жүргізіп, адам көп жиналатын басқосулар, той-жиындар мен іс-шараларды өткізуге тыйым салып, қауіпсіздік шараларын қадағалауда, деп хабарлайды Polisia.kz.
Дегенмен, облыс көлемінде карантин талаптарын ескермей, той жасау жағдайы тоқтамай тұр. Мәселен, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кезекті рейд барысында үйінің ауласында туыстарының басын қосып, қыз ұзату тойын жасаған тұрғынды анықтады. Бұл жайт полицейлер күндізгі рейд кезінде, үйлерді аралау барысында анықтаған.
Осыған ұқсас жағдай Кентау қаласында да болды. Жергілікті тұрғынның Кентау қаласындағы мейрамханалардың бірінде қыз ұзату тойын жасағаны анықталған. Тәртіп сақшылары осы екі жайтқа қатысты карантин талаптарын бұзған тұрғындарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы (“Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу”) бойынша хаттама толтырды.