Жалпы, осы заңсыз кәсіпке қатысы бар тұлғалардың бәріне қатысты сот үкімі шықты
2026 жыл Шымкент полициясының тарихында үлкен келеңсіз оқиғамен есте қалмақ. Себебі полиция қызметкерлерінің өзі қаладағы ауқымды интимдік қызмет көрсету бизнесін жүргізіп, оған кәмелетке толмаған жасөспірімдерді тартқан. Azattyq Rýhy редакциясы Шымкент қалалық және ауданаралық соты мен Полиция департаменті арқылы оқиғаның мән-жайын анықтап көрді. Белгілі болғандай, заңсыз кәсіптің кедергісіз жұмыс істеуіне бір емес, бірнеше полиция қызметкері «тер төккен».
Жеті рет жазадан босатып алған әйелмен жезөкшелікті бастаған
2023 жылы мамыр айында 37 жастағы Асылжан Ирсимбетов Қаратау аудандық Полиция басқармасына тергеуші болып жұмысқа кірген. Жаңа қызметке келе салысымен ол қызметтік өкілеттігін жеке басына пайдалана бастаған. Жұмысқа келе сала, бір ай өтпей жатып, яғни, 2023 жылдың маусымында Ирсимбетов өзі бұрыннан танитын Әйгерім Кенесоваға «бірге бизнес бастайық» деп ұсыныс айтқан. Әйгерім тергеуші Асылжанға қатты сенген, себебі, дәл осы Ирсимбетов оны бірнеше рет қылмыстық жауапкершіліктен құтқарып алған. Әрине, тағы да заңсыз жолмен. Тіпті 2021 жылы Кенесова бір қылмысынан босау үшін тергеушіге 750 мың теңге берген. Яғни, бостандығын сатып алған.
Жалпы, сондай қылмыстық істердің бірінде Кенесова оншақты жәбірленушінің арызынан кейін тағы да ұсталған. Алаяқтық дерегі бойынша іс Еңбекші аудандық полиция басқармасында қозғалған. Ирсимбетов бұл басқармада қызмет етпесе де, оған көмектесіп, іске араласқан. Сол кезде Кенесова бірнеше күн уақытша ұстау изоляторында отырды. Оны қамаудан босату үшін 1 миллион теңге төленген. Кейін іс сотқа жолданғанда, Ирсимбетов шартты жаза тағайындатуға көмектесу үшін тағы 2 миллион теңге талап еткен. Осылайша, Ирсимбетов өзінің ықпалының арқасында Кенесоваға қатысты жеті қылмыстық істің тоқтатқан.
Осы жағдайлардан кейін Ирсимбетовтің бірлескен бизнес жүргізу туралы ұсынысын Кенесова қабылдаған.
17 пәтер, жасырын камера және кәмелетке толмаған қыздар
Осылайша, арадағы Асылжан Ирсимбетов пен Әйгерім Кенесованың арасындағы «берік достық» интим «бизнеске» ұласқан. Тіпті олар өздерінің міндеттерін де бөліп алған. Мәселен, Кенесова кәсіптің күнделікті жұмысын ұйымдастырған: пәтер жалдаған, қыздарды тартқан және клиенттермен байланыс орнатқан. Ал Ирсимбетовтің міндеті – заңсыз бизнесті полицияның назарынан қорғау болған.
Ортақ кәсіпке алғашқы болып сол кезде интимдік «боди-массаж» қызметін көрсетіп жүрген 16 жастағы қызды тартқан. Оны Әйгерімге Ирсимбетовтың өзі тауып беріпті. Кейін өзге де қыздарды алдап шақырып, жұмысқа тартқан. Оларды қызмет көрсетуге мәжбүрлеген кездері де болған. Интимдік қызмет көрсету үшін Шымкенттің орталығынан пәтерлер жалға алына бастаған. Белгілі болғандай, бұл бизнес Шымкенттің әр жерінде «көркейіп», күніне 17 пәтер «жұмыс істеген» екен. Ең сорақысы, Кенесова пәтерлердің барлығына жасырын бейнебақылау камераларын орнатып, клиенттеріне «компромат» жинаған. Ал сол кезде тергеуші болып жұмыс істеп жүрген Ирсимбетов Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының рейдтері туралы алдын ала біліп отырғандықтан, кәсіпке қатысы бар қыздар ұсталмаған. Ол алдын ала Кенесоваға рейд туралы ақпарат беріп отырған көрінеді. Осылайша, екеуінің ортақ кәсіптері тыңғылықты жоспармен жұмыс істеді.
Күніне 2 миллион теңгеге дейін табыс тапқан
Айтқанымыздай, заңсыз кәсіп түрін жүргізген сыбайластар 17 пәтерде күнделікті қызмет ұсынған. Әр пәтерден тәулігіне 1,5-2 миллион теңге табыс түсіп отырған. Ал Ирсимбетов пен Кенесова табысты теңдей бөліскен. Белгілі болғандай, Ирсимбетов кәсіптен күнделікті 150 мыңнан 700 мың теңгеге дейін ақша тапқан. Полиция қызметкері ретінде қылмыстың алдын алу үшін емес, заңсыз кәсіптің кедергісіз жұмыс істеуі үшін жағдай жасаған. Нәтижесінде Ирсимбетов қолына түскен ақшаға үйін күрделі жөндеуден өткізіп, әйеліне кондитерлік цех ашып берген.
Тіпті Ирсимбетовтің өзі де осы пәтерлерге келіп, қыздармен уақыт өткізіп тұрған көрінеді.
Тұрғындардың шағымы неге нәтиже бермеді?
Пәтерлер орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары күмәнді қызметке наразы болып, полицияға шағымданған және учаскелік инспекторларды шақырған. Алайда олардың өтініштері нәтиже бермеген. Осы сәтте заңсыз бизнесті қорғауға Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының аға учаскелік инспекторы, подполковник Рашид Қалдарбеков те араласқан. Бұл көмегі үшін Қалдарбеков Ирсимбетовтен ақша алып отырған. Ол да «боди-массаждың» қызығын көріп, қыздармен уақыт өткізген. Заңсыз кәсіпке полиция қызметкерлерінің ықпалы ғана емес, басқа адамдардың да қызығушылығы болған.
2024 жылдың басында Полиция департаментінің бір басқармасында жұмыс істейтін жедел уәкілдер пәтерлердегі қызмет туралы естісе де, оған тосқауыл болмаған. Себебі олар да бизнестен аптасына 600 мың теңге алып тұрғаны белгілі болды. Одан кейін өзін Шымкент қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкері ретінде таныстырған тағы бір адам кәсіптің кедергісіз жұмыс істеуі үшін ақы белгілеген. Кенесова оған үш рет ақша беріп, жалпы құны 2 миллион 400 мың теңге төлегені белгілі болды.
Полиция қызметкерлерінің былығын жасөспірім қыз әшкере етті
Полицияның қорғауымен жұмыс істеп келген заңсыз кәсіпке кәмелетке толмаған қыздың арызы нүкте қойды. Қыз интимдік қызмет көрсетуге өзін мәжбүрлегенін, ал айтқанға көнбесе, ата-анасына қалада немен айналысып жүргенін айтып қоямыз деп қорқытқанын жеткізген.
Бір қызығы, қыз былтыр қаңтарда арызды дәл сол кезде Рашид Қалдарбеков қызмет еткен Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жазған. Бұл жолы іс заң аясында қаралып, Кенесова мен оның көмекшілеріне қатысты сот процесі басталған.
2025 жылы қазанда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Әйгерім Кенесованы алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен притон ұйымдастырып, оны ұстағаны және кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін кінәлі деп таныған. Оған 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Осыдан кейін полиция қызметкерлері Асылжан Ирсимбетов пен Рашид Қалдарбеков те сот алдына келген. Екеуі де өздеріне тағылған айыптарды мойындамай, «боди-массаж» бизнесіне қатысы болмағанын айтқан. Адвокаттары тергеу барысында заң бұзушылықтар болғанын алға тартқан.
Тергеуші 7 жылға, подполковник 3,5 жылға сотталды
Даулы мәселе Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өтті. Сотта екі негізгі эпизод қаралды. Біріншісі – интимдік қызмет көрсетуді ұйымдастырған кәсіпті қорғау, екіншісі – қылмыстық істі жеңіл бапқа ауыстыруға көмектесемін деп уәде беріп, пара алу дерегі.
Сотты судья Айнель Орақбаева жүргізді. Сотталушылардың кінәсі іс материалдарымен, куәгерлердің айғақтарымен және басқа да дәлелдермен расталғанын мәлімдеген.
«Сотталушылардың кінәсі іс материалдарымен, куәгерлердің айғақтарымен және басқа да дәлелдермен толық дәлелденді. Олар қылмыспен күресудің орнына, керісінше, өз пайдасы үшін билігін асыра пайдаланып, қылмыс жасаған», – деген судья.
Нәтижесінде Асылжан Ирсимбетов едәуір мөлшерде пара алғаны және пайда табу мақсатында лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Ал Рашид Қалдарбеков құқық қорғау органы қызметкері бола тұра, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл 6 айға сотталған. Екеуі де арнайы атақтарынан айырылып, мемлекеттік органдарда өмір бойы қызмет ету құқығынан айырылған. Сот үкімі заңды күшіне енген.
Полиция департаменті жағдайдан сабақ алды ма?
Шымкенттегі бұл жағдайдан кейін редакция Полиция департаментімен байланысып, бүгінде қызметкерлерінің жұмысын қаншалықты бақылайтынын сұрады.
«Бұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қайталануына жол бермеу мақсатында жеке құрам арасында профилактикалық жиналыстар өткіземіз, қызметтік тәртіп пен заңдылықты сақтау бойынша түсіндіреміз», - деп жазды Шымкент қалалық Полиция департаменті.