Зейнетақы жинағын пайдалану, «Ұлттық қор – балаларға»: Тоқаев жолдауларында қандай мәселелер көтерді

Автор: Асыл Арман

Президенттің Қазақстан халқына арнаған жолдауларында көтерілген маңызды шешімдерге шолу

Фото: Ақорда

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнап тоғызыншы жолдауын жариялайды. Ел тізгінін қолға алған сәттен бастап президент Қазақстанның даму жолында қандай бағыт-бағдар беріп, күрмеулі мәселелердің шешілуіне жол көрсетті? Azattyq Rýhy тілшісі президенттің осыған дейінгі жолдауларында айтылған маңызды ұсыныстар мен ауқымды реформаларға шолу жасады.

Алғашқы жолдау. Президент алғашқы жолдауын 2019 жылдың 2 қыркүйегінде жария етті. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауда мемлекет басшысы алғаш рет «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осының негізінде билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.

Осы жолдаудан кейін бейбіт митингтер өткізуге рұқсат берілді.

«Егер бейбіт акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтарымыздың тыныштығын бұзбайтын болса, бұған түсіністікпен қарап, жиындарды өткізу үшін арнайы орын бөлу қажет. Мұндай орындар қаланың шетінде болмауы тиіс», – деген еді президент.

Осы жолдауда президент ұстаздардың жалақысы 25 пайызға көтерілетіні туралы жариялады. Сол сияқты ол Үкіметке зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға немесе білім алуға жұмсау мәселесін пысықтауды тапсырды.

Жолдауда көтерілген ауқымды мәселенің бірі – шетелдіктерге жер сатылмайтынын мәлім етті.

«Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған  жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесін көтеріп, бүгінге дейін пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару керектігін айтты.

Ал кәсіпкерлерге қолдау жасау үшін үш жыл мерзімге табыс салығынан босатылатынын, сол сияқты тексеріс жүргізуге де дәл осы мерзімде тыйым салынатынын жариялады.

Пандемия уақытындағы Қазақстан. Президент 2020 жылдың 1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» жолдауын жариялады.

Пандемия кезеңінде уақытша табыссыз қалған 4,5 млн-нан астам қазақстандыққа осы жолдауда 42500 теңге көлемінде көмек берілгені айтылды. Ол үшін бюджеттен 450 млрд теңгеден аса ақша жұмсалды. Бұдан бөлек, миллионнан астам адамға азық-түлік және тұрмыстық заттар қоржыны берілді.

Осы жолдауда мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін 2020 жылы 10 пайызға, ал 2021 жылы 15 пайызға қысқарту мәселесі көтерілді.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған осы жолдауында «Аңсаған сәби» бағдарламасына бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есеге көтеру қажет екенін айтты.

Сол сияқты президент балаларға жыныстық зорлық жасаған қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, қатаң жазалануы керек екеніне тоқталды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық жасап, сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылмайтыны да осы жолдауда көтерілді.

Коронавирус пандемиясы уақытында қашықтан оқу мәселесін шешу үшін Үкіметке нақты бір платформа әзірлеуді шұғыл тапсырды. Сондай-ақ, ұстаздардың жалақысы 2021 жылы 25%-ға көтерілетінін айтып, осы мақсатқа алдағы үш жылда 1,2 трлн теңге бөлінетінін жеткізді.

«Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі». Бұл жолдауда пандемиядан кейінгі түйткілді мәселелерді шешуге, әлеуметтік-экономикалық дамуға және елдегі жүйелі өзгерістерге арналды назар аударылды.

2021 жылдың 1 қыркүйегінде жарияланған бұл жолдауда президент ең төменгі жалақыны сол кездегі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдады.

«2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді», – деген еді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейін дәрі өндірісіне жете ден қойып, фармацевтиканы дамыту мәселесін қозғады.

«Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет», – деді президент жолдауында.

Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында Қазақстанның саяси жүйесін түбегейлі реформалауға арнады. Жолдауда «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы айтылды. Осылайша суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу жарияланды.

«Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сол сияқты әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу мәселесі көтерілді.

Сонымен қатар, саяси партияларды тіркеудің төменгі шегі 20 мыңнан 5 мыңға дейін қысқарды.

«Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам». Президент 2022 жылы халыққа арнаған кезекті жолдауын 1 қыркүйекте жариялады. Бұл жолдауда бірқатар маңызды мәселе көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолдауда президент мандатының мерзімін 7 жылдық 1 мерзіммен шектеу және қайта сайлануға тыйым салу туралы бастама көтерді.

«Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез-келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, президент мандатын бір мерзіммен шектеу мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді», - деді ол.

Сол сияқты президент осы жолдауда Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа бағдарламаны алға тартты.

«Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастауды тапсырамын», - деді мемлекет басшысы.

Президент сол сияқты ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мыңға дейін көтерді. Бұл Қазақстандағы 1,8 млн адамның табысына оң әсер етеді.

Бұдан бөлек, пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жеделдету, бюджетті жоспарлау мен жұмсауда халықтың қатысуын арттыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту мәселелері көтерілді.

«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары». 2023 жылдың 1 қыркүйегінде жариялаған жолдауында президент ел өміріне арналған маңызды мәселелерді көтерді.

Мемлекет басшысы бұл жолдауында да ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруды қолға алып, оны 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін көтерді. Оның айтуынша, бұл 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.

Маңызды мәселелердің бірі - су қауіпсіздігі. Осы мәселені шешу үшін бөгендер салып, су қоймаларына күрделі жөндеу жүргізу ісін тапсырды.

«Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу», - дейді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында атом электр станциясын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу керектігін атап өтті.

Бұдан бөлек, ол Қазақстанның транзиттік әлеуетін толық пайдалану, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуды тапсырды.

Ал банк жүйесіндегі бәсекелестікті арттыру үшін елдегі 21 банктің қатарына сенімді 3 шетелдік банк филиалын тарту қажет екенін атап өтті.

«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм». 2024 жылдың 2 қыркүйегінде жариялаған жолдауында мемлекет басшысы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына қатысты мәселелерді көтерді.

Мемлекет басшысы осы жолдауында соңғы бір жылда қоғамда АЭС салу мәселесін талқылауға көңіл бөлінгенін айтып, сол жылдың 6 қазанында жалпыұлттық референдум өтетінін ресми түрде мәлім етті.

Қазақстандағы жолдардың сапасы да осы жолдауда ерекше аталып өтті. Президент 12 мың шақырым жол жөндеу жұмысы жоспарланып, оның ішінде 10 мың шақырым облысаралық және ауданаралық жолдар қамтылатынын ерекше айтты.

Бұдан өзге, президент мектепке дейінгі білім сапасын арттыру, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру және ұстаздардың еңбегі мен мәртебесін арттыру мәселелерін көтерді.

Сол сияқты 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялайтынын айтып, техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту қажеттігіне баса назар аударды. Сондай-ақ, Жасанды интеллект ұлттық орталығын ашу және экономика мен мемлекеттік басқару ісін цифрлық түрде түбегейлі өзгерту мәселесі де көтерілді.

«Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу». Өткен жылдың 8 қыркүйегінде жариялаған жолдауында президент елдің стратегиялық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.

Осы жолдауында президент Үкіметке Алатау қаласын құру, оның мәртебесі туралы жарлықты 10 күнде, ал арнайы заңын 6 ай ішінде әзірлеуді тапсырды.

Өз жолдауында мемлекет басшысы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі ашылатынын мәлім етті.

Сондай-ақ прокуратура қазынаға 850 млрд теңгені қайтарғанын айтып, бұл қаражат он мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмысына бөлінгенін мәлім етті.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алған уақыттан бері халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін маңызды көптеген мәселені көтеріп, шешім жолдарын да көрсетті. Ал бүгін сағат 11:00-де мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті жолдауын жариялайды.