Facebook, Instagram, ВКонтакте: Қазақстандағы әлеуметтік желінің ықпалы һәм шынайы статистика

Автор: Azattyq Rýhy

Қазақстанда әлеуметтік медианы зерттейтін ашық құрылым жоқ

Фото: ашық дерек көзінен

FACEBOOK-ТЕГІ БЕЛСЕНДІЛЕР САНЫН РЕСЕЙЛІК ОРТАЛЫҚ ЖАРИЯЛАДЫ

Биыл қазан айында Қазақстанның Facebook сегментінде барлығы 10,5 млн-нан аса жазба жарық көрген. Белсенді авторлар саны 380 мыңнан сәл асады. Бұл халық санының 2 пайызы. Белсенді топ 25-34 жас аралығындағылар. Олар желіге үш мың жазба қалдырған. Бұл топ барлық қолданушылардың 30 пайызын құрайды.

Ресейге келсек, қыркүйекте Facebook-тегі авторлар саны 2,2 млн болған, бұл халық санының 2 пайызы. Барлығы 59 млн жазба жарияланған. Бұл елде де белсенді топ 25-34 жас аралығындағылар.

Украинада көрсеткіш сәл өзгешелеу. Белсенді авторлардың саны 3,3 млн, бұл халықтың 7 пайызы. Қазан айында 104 млн жазба жарияланған.  

Brand Analytics орталығы қазақстандық Instagram-да қазан айында 1,5 млн белсенді автор болғанын, 10,5 млн жазба жарық көргенін жазады. Олардың есебінше, ақпарат ағыны Facebook-тен 4 есе көп. Өйткені, Instagram-да нарық бар. Тауардың да, қызмет түрлерінің де мұнда өтімді болатыны, осы нарыққа, яғни қолданушылар санына тікелей байланысты. IT сарапшы Тимур Бектұрдың пікірінше,  әлеуметтік желілерді зерттеушілердің көрсеткіші абсолютті ұғым бере қоймайды.

«Ресейлік зерттеуші Қазақстанда 1 млн Instagram қолданушысы бар десе, халықаралық We Are Social институты 6 млн адам бар деп есеп берді. Дегенмен, бір адамның басында бірнеше аккаунт болуы мүмкін. Бір адамдар қайтыс болуы мүмкін. Біреу дүкенін тіркеп қоюы ықтимал»,- дейді ол. 

ҚАЗАҚСТАНДА ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИАНЫ ЗЕРТТЕЙТІН АШЫҚ ҚҰРЫЛЫМ ЖОҚ

Brand Analytics орталығының зерттеу нысанына Facebook, Twitter, Instagram, ВКонтакте желілері кірген. Орталық зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда ВКонтакте желісі қолданушылар саны бойынша көш басында. Бүгінде Social network кері байланыс орнататын тиімді орта саналады. Әсіресе, Қазақстанда. Бейнелеп айтқанда, әлеуметтік медиа өз алдына «бесінші билікке» айналды десек артық кетпейміз. Ресейде айына желі арқылы 35 млн адам  түрлі пікір білдіреді екен.

Тимур Бектұрдың айтуынша, біздің елде қауіпсіздік қызметтері немесе мемлекеттік органдар терең талдау жасап отырмаса, бұл бағытта зерттеу институты, жеке бір тұлға ретінде жан-жақты айналысып жүрген ешкім жоқ.

«Біздің қауіпсіздік органдарының өз зерттеулері бар шығар. Бәлкім, бізге айтпай отырған шығар. Мәселе оны халыққа немесе қоғамға  ашық жариялағысы келе ме, жоқ па, соған саяды»,- дейді IT сарапшы.

Қазақстанда әлеуметтік медиа қай бағытта дамитынын дөп басып айту қиын. Жоғарыда атап өткендей, ашық зерттеулер нәтижесі жоқтың қасы. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс, яғни басқа балама желілерге ауа көшу сияқты құбылыстар жақын арада болмайтыны анық. Керісінше, жыл өткен сайын желі қолданушыларының саны артып келеді.

We Are Social-дың дерегіне сүйенсек, 2019 жылдың қаңтарында Қазақстанда әлеуметтік желіні белсенді қолданатын 7,3 млн адам болған. Бұл халық санының 39 пайызы. Соның ішінде Facebook-тің үлесі 2,4 млн, Instagram қолданушылары 6,9 млн. Бір жыл ішінде қолданушылар саны 2 миллионға артқан. Демек, 2020 жылы бұл көрсеткіш 9 миллионға жетеді. Яғни, әлеуметтік желіге қосылатын халық саны көбейе береді», - дейді Т. Бектұр.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ЫҚПАЛЫ

Осыдан 4-5 жыл бұрын қазақстандық Facebook қолданушылары ірі саяси-әлеуметтік оқиғаларға жиі араласып, резонанс туғыза бастады. Желі белсенділерінің қатысуымен «Әліби ісі» күш алып кетті. 2016 жылы Facebook белсенділері жер реформасына да тікелей әсер етті. Міне, осындай жағдайлардан кейін көпшілік Facebook желісін проблема көтеру құралы ретінде қолдануға көшті. Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, барлық ақпарат құралдарына тән айла-тәсілдер Facebook-те де өміршең. Ақпараттық соғыс, жала жабу, үгіт, астарлап жеткізу, алдын ала жаңалық етіп шығару арқылы оқырманды шатыстыру секілді жайттар желіде кең таралған. Бір ерекшелігі - көбісі жалған болуы мүмкін.

«Қазақстанда әлеуметтік желінің жұмысын реттейтін заң жоқ. Мысалы, Америка мен Германияда бұл мәселе қатаң жүйеленген. Әлеуметтік желілерде жала жабу, араға от салу сияқты белгілер көп. Оны тыю үшін заң қажет», - дейді сарапшы.

Сондай ақ, ол Қазақстанда Facebook-тің ықпалы тым асыра бағаланатынын айтады. Алайда, Facebook елімізде ең көп қолданысқа ие үздік үш желінің қатарына да енбейді.

«Оның салмағын артуы тым саясилануынан десе болады. Мысалы, Telegram мессенжері тек Нұр-Сұлтанда танымал. Өйткені, ол жақта оқырмандар түрлі сыбыстар пен өсек-аяңға елеңдеп отырады. Бұрын газеттің жағдайын жазылушылар санына қарап білуге болатын. Қазір әлеуметтік желіде лайк пен оқырман санын есепке алайын десең, оны қолдан жасайтындар бар. Сондықтан, шынайы ахуалды білу үшін «Кім нені оқиды? Кімді не қызықтырады?» деген сұрақтарды қолданып, сауалнама жүргізуге болады. Осылайша, Facebook желісінің ықпалы көпшілік ойлағандай емес екенін білу қиын емес», - дейді Д.Әшімбаев.

Саясаттанушы 5 жылдан кейін қандай әлеуметтік желі көп қолданыста болады деген сауалға «Оны дөп басып айту қиын» деп жауап берді. Сондай-ақ, қазір көпшіліктің Теlegram канал ашуға талпынып жатқанын айтты.

Мөлдір Бақыт, Нұр-Сұлтан