Министрдің айтуынша, биыл педагог-психологтарға арналған 21 мың әдістемелік іс-шара өткізілді
Қазақстанда биыл мыңдаған мектеп оқушысы мен олардың ата-аналары психологтарға жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова психологиялық көмекке жүгінген оқушылар туралы мәлімет берді.
Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, мектеп оқушыларына заң талаптарын түсіндіру және қауіпсіздік ережелерін үйрету жұмысы білім ордасында жайлы психологиялық орта қалыптастыру шараларымен қатар жүргізіліп жатыр.
«Биыл тоғыз ай ішінде психологиялық қолдау орталықтары 17 мыңға жуық бала мен 9 мың ата-анаға консультациялық және психологиялық көмек көрсетті», – дейді министр.
Оның айтуынша, педагог-психологтарға арналған 21 мың әдістемелік іс-шара өткізілді. Сол сияқты буллингке қарсы «ДосболLIKE» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама бойынша 14 850 педагог даярланып, 70 оқыту іс-шарасы өткізілді.