Ел дамуына үлес қосу – әр азаматтың парызы: жастар орталығының директоры ұлттық мерекенің маңызы туралы айтты

Автор: Маржан Інжу

Айтуынша, жас буын үшін Республика күнінің мәні мен маңызы зор

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

25 қазан – Республика күні. Бұл мереке ел тарихындағы маңызды кезеңді еске салып, әр азаматтың мемлекет алдындағы жауапкершілігін де айқындайды. Әсіресе, ел болашағын қалыптастыруда жастардың рөлі ерекше. Қызылорда қалалық «Qosyl» жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбаттаса отырып, осындай пікір білдірді.

«Бүгінде Қазақстан – болашаққа нық қадам басқан, тұрақты дамуға ұмтылған, халықаралық аренада өзіндік орны бар мемлекет. Еліміздің әрбір жетістігі – халқымыздың бірлігі мен ынтымағының, табанды еңбегі мен ортақ мақсатқа деген сенімінің нәтижесі. Осындай жарқын болашаққа бағыт алған еліміздің дамуына үлес қосу – әрбір азаматтың парызы», - дейді ол.

Айтуынша, жас буын үшін Республика күнінің мәні мен маңызы зор.

«Өйткені жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі қоғамның да белсенді қозғаушы күші. Отанға деген сүйіспеншілік, мемлекеттік рәміздерге құрмет, туған жерге жанашырлық пен ел тағдырына жауапкершілікпен қарау – нағыз отаншылдықтың көрінісі. Жастарымыз осы құндылықтарды бойына сіңіріп, білім мен еңбекті серік етіп, ел дамуына өз үлесін қосуға тиіс», - деген ойын білдірді ол.

Орталық директоры жастардың ел дамуына араласуы үшін білім алып, кәсіби тұрғыда өсуімен қатар, қоғамдық өмірге де белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті. Оның сөзінше, қазір жас буынға өз қабілетін шыңдауға, бастамаларын жүзеге асыруға және қоғамға пайдасын тигізуге мүмкіндік бар.

«Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жаңашыл әрі отаншыл ұрпақ қалыптастыру – баршамызға ортақ міндет», - деп түйіндеді  Медет Жорабек.