Абай облысындағы 161 үйге ауыз су жетті: мәселені шешуге «Әділет» партиясы күш салған

Автор: Маржан Інжу

Тұрғындардың мәселесі оң шешімін тапты

Фото: скриншот

Абай облысы Нахаловка шағын ауданында су мәселесі бүгінге дейін өзекті болған. «Әділет» партиясы осы жағдайды назарға алып, мәселе шешілгенше оны бақылауда ұстаған. Қазір тұрғындардың үйлеріне су кіріп, халық таза суға қол жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Жоба аясында 16,2 шақырым құбыр тартылған. Нәтижесінде 161 үйге су кірген. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін құбыр желісі «Семей водоканал» мекемесіне тапсырылды. Сонымен қатар «Әділет партиясы» ауыз судың сапасына мониторинг жүргізді.

Кент тұрғыны Болат Ғабдуллин мәселенің шешілгенін растап, партия өкілдеріне алғыс айтқан. 

«Иә, құбыр қосылып, үйдің ішіне су кірді. Қазір жағдайымыз жақсы, ешқандай мәселе жоқ. Бұл біз үшін көптен күткен мәселенің шешімі болды», – деді ол.

Абай облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Құралай Дүйсенбаева жобаның аяқталғанын айтты.

«Су тарту  жобасы бойынша  жұмыс толық  атқарылды. Қазір тұрғындар суды пайдаланып отыр. Жоба бойынша 161 абонентке су тартылды. Нысан аяқталғаннан кейін «Семей Водоканал» мекемесіне толық тапсырылды. Жұмыстың аяқталып, мәселенінің шешілуі – нақты нәтиже. Абай облысы елді мекендеріндегі су мәселелері басқарманың бақылауында болады», – деді ол.