Шұғыл: енді әскердегі сарбаздар алты ай оқу орталығында, алты ай әскери бөлімде борышын өтейді

Автор: Бақыт Шынар

Бұл жоспарды Тоқаев мақұлдады

Фото: Ақорда

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева әскерді жасақтаудың халықаралық тәжірибесін, ұрыс қимылдарын жүргізудің заманауи тәсілдерін және отандық мамандардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленген Жоспардың негізгі ережелерін таныстырды.

Құжатта мемлекеттің бүкіл әскери жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған институционалдық өзгерістер көзделген.

«Атап айтқанда, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру, сондай-ақ армияның негізгі компоненттерін нығайту жоспарланып отыр» - деп хабарлайды Ақорда.

Дереккөзге сүйенсек, бұл реформаның маңызды аспектісі – енді мерзімді әскери қызмет екі кезеңге бөлінеді.

«Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі», - деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы бұл жоспарды мақұлдаған.