Қазақстандағы оқушылардың 7 пайызының омыртқасы қисайған: оның себебі ауыр сөмке ме
Мектептегі шкаф оқушылардың жүгін қалай жеңілдете алар еді
Қазақстанда 8 048 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда 4,1 миллионнан астам бала білім алып жатыр. Оның ішінде 380 мыңнан астам оқушы биыл алғаш рет сөмкесін асынып, мектеп табалдырығын аттаған еді. Сөмке демекші, осы миллиондаған оқушының арқалап жүрген тағы бір ауыр жүгі - сөмкесі. Оның салмағы ата-аналар арасында жиі талқыланатын тақырыптың бірі. Оқушылар әр сабаққа қажетті кітап пен дәптерін, одан басқа су ішетін ыдысын, қаламсауыт және басқа да жеке заттарын бір сөмкеге салғанда, оның салмағы артып, мектепке жаяу немесе қоғамдық көлікпен қатынайтын балаларға кәдімгі жүк болады. Осы тұрғыда Azattyq Rýhy редакциясы үлкен сыныптың оқушыларын былай қойғанда, енді ғана мектепке барған алты-жетер жасар баланың сөмкесін қалай жеңілдетуге болады деген мәселені зерттеп көрді.
Ауыр сөмке бала денсаулығына қалай әсер етеді
Денсаулық сақтау министрлігінің ең соңғы, 2026 жылдың ақпанында берген дерегіне сүйенсек, Қазақстандағы оқушылардың шамамен 7% сколиозбен ауырады екен. Яғни, балалардың омыртқасы қисайып кетеді. Көбіміз бұны ауыр сөмкенің зардабы деп түсінеміз. Әрине, партаға дұрыс отырмайтын балалардың да арқасы қисайып жатады. Дегенмен, тақырып ауыр сөмкеге қатысты болғандықтан, біз кәсіби дәрігерден пікір алуды жөн көрдік.
Сонымен, балаларды қарайтын травматолог-ортопед Мұхтар Ахмурзаевтың айтуынша, баланың күн сайын ауыр сөмке көтеріп жүруі арқа бұлшықеттеріне салмақ түсіріп, омыртқа жотасының қалыптасу кезеңінде қолайсыздық тудыруы мүмкін. Дәрігердің өзі де бірінші сыныпта оқитын баланың әкесі болғандықтан, мәселені ата-ана ретінде де жақсы түсінетінін айтады.
«Омыртқаның қисаюына әртүрлі фактор әсер етеді. Ауыр сөмкені ұзақ уақыт көтеру - сол факторлардың бірі. Әсіресе үйі мектептен алыс орналасқан, күн сайын ұзақ жол жүретін балаларға түсетін жүктеме артуы мүмкін. Мұндайда арқа бұлшықеттері шаршап, балада ауырсыну пайда болуы ықтимал», - дейді дәрігер.
Дәрігер омыртқаға қатысты өзгерістер бірден байқала бермейтінін де ескертеді. Сондықтан ата-аналар баланың жүріс-тұрысына, дене қалпына және шағымдарына назар аударуы керек.
«Баланың арқасы ауырса, ол - бірінші сигнал. Ол тек омыртқа қисайғанда ғана ауырмайды. Басқа жағдайлар да бар. Ауыр затты көп көтеріп жүргенде сау омыртқаның өзі ауырады. Бірақ ауырып жатса, дер кезінде дәрігерге көрсету қажет», - дейді Мұхтар Ахмурзаев.
Маманның айтуынша, бала сөмкесін үнемі бір иығына салып көтерсе, салмақ біркелкі емес, бір жағына түсіп, сол иығын қисайта береді. Мұндай әдет жоғары сынып оқушылары арасында да кездеседі. Сондықтан сөмкені екі иыққа бірдей асып жүру және оны дұрыс реттеу маңызды.
Сөмкенің салмағы қандай болуы керек
Мұхтар Ахмурзаев баланың сөмкесін өлшегенде оның жасымен қатар дене салмағын да ескеру қажет екенін айтады. Дәрігердің ұсынымы бойынша, сөмкенің салмағы баланың дене салмағының 10 пайызынан аспағаны дұрыс.
Ол жас ерекшелігіне қарай мынадай бағдарларды ұсынады:
1-3-сынып оқушыларына – 2 кг артық емес;
4-5-сынып оқушыларына – 2,5 кг артық емес;
6-7-сынып оқушыларына – 3,5 кг артық емес;
8-11-сынып оқушыларына – 4,5 кг артық емес.
Айта кетейік, дәрігердің бұл ұсынысы баланың дене салмағына, денсаулығына және сөмкені қанша уақыт көтеріп жүруіне байланысты белгіленген.
Сөмкенің өзі де маңызды. Ахмурзаев арнайы баланың арқасына бейімдеп тігілген сөмкелерді пайдалануды ұсынады. Мұндай сөмкелер жүктемені арқаға біркелкі таратуға көмектесуі мүмкін. Дөңгелекті сөмкелер де белгілі бір жағдайда ыңғайлы болғанымен, олардың тиімділігі жолдың сапасына, баспалдақтардың болуына және қоғамдық көлікті пайдалану қажеттілігіне байланысты.
«Балалардың дене бұлшықеттерін нығайту үшін жүзумен айналысуға кеңес беремін. Жүзу мүмкіндігі болмаса, гимнастика сияқты дененің екі жағын үйлесімді жаттықтыратын спорт түрлерін таңдауға болады. Алайда спортпен шұғылдану ауыр сөмкеге қатысты мәселені өздігінен шешпейді. Ол үшін күнделікті тасымалданатын жүктемені де азайту қажет», - дейді дәрігер.
Мектептерде оқушыға қандай жағдай жасалған
Баланың күн сайын арқалайтын жүгін азайтудың бір жолы - кітап пен жеке заттарды мектепте қалдыруға мүмкіндік беру. Ал мұндай мүмкіндік білім ордаларында жасалған ба? Соны анықтау үшін елордадағы бірқатар мектепке барып, жағдайды көзімізбен көрейік дедік. Білім басқармасы ішіне кіріп, түсірілім жасауға рұқсат берген екі мектепте оқушыларға арналған шкаф бар екеніне көз жеткіздік.
№108 мектеп: жеке шкаф пен смарт білезік
№108 мектепте оқушыларға түсетін жүктемені азайту үшін барлық жағдай жасалғанын байқауға болады. Мәселен, әр бастауыш сыныптың кабинетінде жеке шкафтары бар. Ал қалған сыныптарға арналған шкафтар жеке блоктарға бөлінген. Шкафтар тұрған аумақтарда бейнебақылау камералары да орнатылған.
Мектептегі тағы бір ерекшелік - оқушыларға шкафтарын ашып-жабуға арналған смарт білезік беріледі екен. Әр оқушы өзіне бекітілген шкафты ғана аша алады. Басқа оқушының шкафын бөтен білезік арқылы ашу мүмкін емес. Егер бала білезігін жоғалтып алса, мектеп оны қайта жасап береді.
Мектеп директорының мәліметінше, білім беру ұйымында бастауыш сыныптарға арналған 840 шкаф және жоғары сынып оқушыларына арналған 468 шкаф орнатылған. Осылайша, мектепте екі санат бойынша барлығы 1 308 шкаф бар.
«Бүгінгі таңда оқушылар бірқатар сабақтарды, оның ішінде Қазақстан тарих пәнін электронды кітаппен оқып жатыр. Ол үшін арнайы планшеттер де қамтылды. Бұл оқушылардың қызығушылығын арттырып отыр. Бұдан бөлек, мектеп кітапханасынан да электронды кітаптарды көруге болады. Оқушылар қалаған уақытында оны пайдалана алады», - деді мектеп директоры.
Осылайша, оқушылар жеке шкафтарында спорттық киімдерін, екінші аяқ киімі мен кітап және жеке заттарын қалдыра алады.
№101 мектеп: кітап пен сырт киімге арналған бөлек орындар
№101 мектепте де әр сынып оқушыларының шкафтары өз кабинеттерінде орналасқан. Сонымен қатар әр қабаттың дәліздерінде сырт киімге арналған шкафтар қойылған. Ал кітаптар мен жеке заттарды қалдыру үшін сынып бөлмелерінде қосымша шкафтар да бар.
Мектеп директорының айтуынша, білім беру ұйымында шамамен 1 000-ға жуық шкаф орнатылған. Яғни оқушылардың кітаптары мен оқу құралдарына, сырт киімдері мен аяқ киімдеріне арналған сақтау орындары бөлек қарастырылған.
Осылайша, оқушы сырт киімін дәліздегі арнайы орынға қалдырып, кітаптары мен жеке заттарын өз кабинетінде сақтай алады.
Жеке шкаф – жайлылық қана емес, ұйымдастыру мәселесі
Бірақ шкаф бар дегеніміз - оқушының сөмкесін автоматты түрде жеңілдейді деген сөз емес. Егер бала үй тапсырмасын орындау үшін кітабын үйіне алып кетсе, яки, мектеп оқушының үй жұмысын орындайтын және мектепте сабақ оқитын кітабын екі данадан бере алмаса, онда шкафқа тек киім ілінеді деген сөз.
Білім сарапшысы Руслан Қаратабанов осы тұрғыдан алғанда, мектептерде шкаф орнатумен қатар, оқулықтарды пайдалану тәртібін де ойластыру қажет екенін айтты. Мысалы, мұғалім сабаққа қажетті материалдарды алдын ала белгілеп, үй жұмысына арналған тапсырмаларды нақты түсіндіре алады. Қажет болған жағдайда оқушыға электрондық материалдар ұсынылуы мүмкін. Бірақ цифрлық формат та барлық отбасына бірдей қолжетімді бола бермейтінін ескеру керек.
Маманның айтуынша, шкафтарға қатысты талаптар Оқу-ағарту министрлігінің №70 бұйрығында қарастырылған, ал оларды сатып алып, мектептерді жергілікті әкімдік өз ақшасына жабдықтау керек.
«Осы тұрғыдан алғанда, мектептердегі шкафтарды тек жиһаз немесе қосымша қолайлылық ретінде бағалау жаздық етеді. Олар оқу процесін қайта ұйымдастырудың бір бөлігі бола алады. Егер оқушы мектепте кітаптарын қауіпсіз қалдырып, үйге тек қажетті оқу құралдарын алып кетсе, оның күнделікті жүгін азайтуға мүмкіндік туады», - дейді сарапшы.
Руслан Қаратабановтың айтуынша, біз айтып отырған оқушының ауыр сөмкесі күнделікті оқу тәжірибесінде ұсақ көрінгенімен, маңызды мәселелердің біріне жатады. Мектептегі жайлылық тек кең кабинетпен немесе заманауи жабдықпен өлшенбейді. Ол баланың күн сайынғы оқу жүгін қаншалықты жеңілдетіп, денсаулығын сақтауға және білім алуына қолайлы жағдай жасауымен де бағалануы керек. Сондықтан оқулыққа шамадан тыс тәуелділікті қайта қарауға шақырады.
«Мәселені тек оқулықтың салмағымен шектеуге болмайды»
Қаратабановтың пайымдауынша, мұғалім дайын оқулықты пайдаланумен ғана шектелмей, оқу мақсатына сәйкес тапсырмалар әзірлеп, әртүрлі мазмұндық ресурстарды қолдана алуы керек. Бұл оқулықтың маңызын жоққа шығару емес. Керісінше, оны білім берудің жалғыз құралы емес, оқу процесінің бір бөлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты сарапшы педагогикалық мамандықтардың оқу бағдарламаларына curriculum design және instructional design бағыттарын енгізу қажет екенін айтады. Біріншісі оқу мақсаттары, мазмұн мен бағалауды өзара байланыстыра жобалауға бағытталса, екіншісі сол мақсаттарға жетуге көмектесетін оқу материалдары мен тапсырмаларын әзірлеуді қамтиды.
«Мұғалім дайын оқулықты пайдаланушы ғана емес, оқу процесін жобалай алатын маман болуы керек. Ол оқу мақсатына сәйкес мазмұнды іріктеп, сапалы тапсырмалар әзірлеп, әртүрлі ресурстарды тиімді ұштастыра білуі қажет», - дейді Руслан Қаратабанов.
Оның пікірінше, мұндай құзыреттерді дамыту мұғалімнің жұмысын күрделендіру үшін емес, оқу процесін тиімді ұйымдастыру үшін қажет. Егер сабақтың мақсаты мен тапсырмасы нақты болса, оқушының барлық оқулықты күн сайын үйіне тасуы міндетті болмауы мүмкін. Қандай материалдың үйге қажет екенін мұғалім оқу мақсатына қарай анықтай алады.