Тоқаевтың халықаралық бастамалары: сарапшылар қандай мүмкіндіктерді атап өтті

Сарапшылар Қазақстанның халықаралық байланыстары мен экологиялық саясатының басым бағыттарын атады

Тоқаевтың халықаралық бастамалары: сарапшылар қандай мүмкіндіктерді атап өтті
Фото: Ақорда

Қазақстанның сыртқы саясаты мен экологиялық күн тәртібіндегі мәселелер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан мен Арменияға сапары кезінде көтерілді. Бакуде мемлекет басшыларымен кездесулерде экономикалық әріптестік пен бірлескен жобаларды дамыту талқыланса, Ереванда өткен халықаралық саммитте биоалуантүрлілікті сақтау мәселесіне назар аударылды. Осы бастамалардың маңызы қандай? Саясаттанушы Нұрболат Нышанбай халықаралық ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін түсіндірсе, Халық Кеңесінің мүшесі Ольга Спирина экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты қорғаудағы қоғамның рөлі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Катармен әріптестік жаңа бағыттарға жол ашады

Саясаттанушы, Тұран» университеті Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры Нұрболат Нышанбайдың пікірінше, Қазақстан Президентінің Катар Әмірімен Бакуде кездесуі екі ел арасындағы байланыстың жаңа бағыттарын дамыту тұрғысынан үлкен мәнге ие. Сарапшының айтуынша, бұрын екіжақты қарым-қатынаста көбіне инвестициялық және экономикалық жобаларға басымдық берелетін, енді бұдан бөлек салаларда ынтымақтастық аясын кеңейтуге зор мүмкіндік бар.

«Бұған дейін Қазақстан мен Катар арасындағы жобалар көбіне инвестиция мен экономикаға қатысты болды. Енді логистика және цифрлық технологиялар салаларындағы байланысты да дамытуға болады. Катардың АӨСШК мүшесі екенін ескерсек, ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге мүмкіндік жоғары», - дейді саясаттанушы.

Оның сөзінше, Қазақстан мен Катар арасындағы қарым-қатынасты тек екіжақты байланыс деңгейінде қарастырмау керек. Орталық Азия мен Таяу Шығыстың өзара ықпалдастығы тұрғысынан да әріптестіктің өзектілігі артып келеді.

Сарапшы Катар Әмірінің Қазақстанға бұрынғы сапары кезінде білім беру, медицина, тау-кен өндірісі және ауыл шаруашылығы сияқты бағыттар бойынша меморандумдарға қол қойылғанын еске салды.

«Бакудегі кездесу осы уағдаластықтарды жалғастырып, жаңа жобаларды талқылауға жол ашты. Бұл ретте инвестициялық және энергетикалық жобаларды жүзеге асырумен қатар, білім мен технология салаларындағы тәжірибе алмасудың маңызын атау өту керек, деді ол.

Президенттің Израиль басшысымен кездесуінің саяси символикалық мәні өте жоғары

Нұрболат Нышанбай Қазақстан Президентінің Израиль басшысы Ицхак Герцогпен кездесуін де символдық әрі саяси тұрғыдан маңызды деп бағалайды.

Оның айтуынша, Қазақстан Израиль бастамашылық еткен Авраам келісімдеріне қосылған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Сарапшы осы оқиғаны Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты аясында қарастырды. Саясаттанушы Қазақстан мен Израиль арасындағы қарым-қатынас прагматикалық сипатқа ие дейді. Екі елдің ғылым, ғылыми зерттеу, цифрлық технологиялар және экономика салаларындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға мүмкіндік бар.

«Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы көпвекторлы сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың бірі бола алады. Қазақстанның өз сыртқы саяси бағыты мен экономикалық мүдделері бар. Цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастық аймақтағы елдер үшін пайдасы бар», - дейді Нұрболат Нышанбай.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанның Катармен және Израильмен қарым-қатынасын дамытуы әртүрлі салада серіктестік орнатуға, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге және технологиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Экологиялық мәдениетті бала кезден қалыптастыру керек

Қазақстанның халықаралық күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе - қоршаған ортаны қорғау тақырыбы.  Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда өткен COP17 биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі көшбасшылар саммитінде экологиялық мәдениет қағидаттарының жаңа Конституцияда бекітілгенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасының қоғам өміріндегі рөліне тоқталған еді. Мемлекет басшысының экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамаларын қолдайтынын айтқан Халық Кеңесінің мүшесі Ольга Спирина бұл бағытта азаматтардың жауапкершілігін арттырумен қатар, экологиялық талаптардың орындалуын бақылауды күшейту қажет деп есептейді. Оның пікірінше, табиғатқа жанашырлықпен қарау белгілі бір акцияларға қатысумен шектелмей, адамдардың күнделікті өмір салтына айналуы керек.

«Нормалардың тиімді орындалуы үшін мониторингті күшейту қажет шығар. Қосымша топтар құрып немесе патруль ұйымдастыруға болады. Олар талаптардың сақталуын қадағалап қана қоймай, халыққа экологиялық жауапкершілікті және табиғатты қорғау жолдарын түсіндіре алады», - дейді ол.

Оның пікірінше, бақылау мен түсіндіру жұмыстары қатар жүргізілгенде ғана экологиялық талаптардың нәтижесі артады. Алайда бұл бағыттағы жұмысты мемлекеттік органдардың міндеті ретінде ғана қарастыруға болмайды.

Ольга Спирина экологиялық мәдениетті қалыптастыру отбасынан басталатынын айтады. Ол өз баласына қоқысты тек арнайы жәшікке тастауды үйреткен. Баласы далада жерде жатқан қоқысты көрсе, оны алып, қоқыс жәшігіне апаруға тырысады.

«Бала кезінен осындай әдет қалыптасуы керек. Өскен сайын оған қоқысты сұрыптауды, суды үнемдеуді және басқа да экологиялық дағдыларды үйретемін», - дейді ол.

Оның айтуынша, балаға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіру үшін күрделі бағдарламалардан бастаудың қажеті жоқ. Күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттер арқылы жауапкершілікке үйретуге болады.

Ольга Спиринаның пікірінше, «Таза Қазақстан» бастамасының маңызы - адамдарды ортақ іске жұмылдырып, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгертуінде болып отыр.

«Мемлекет Басшысы: Маңайы тап-таза болып, жарқырап тұрса, адам да соған сай әдеп сақтауға тырысады. Мәдениет бар жерде еңбек етуге де, жетістікке жетуге де ынта пайда болады, - деген болатын. Осы ретте «Таза Қазақстан» жобасының үлесі орасан зор. Жоба аясында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр, қоғамдық сенбіліктер, көшет егу науқандары, басқа да бастамалар республика бойынша мыңдаған адамды біріктірді», - деді ол.

Табиғатты қорғау үшін халықаралық ынтымақтастық қажет

COP17 саммитінде Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы нәтижелері де айтылды. Президенттің мәліметінше, елдегі ақбөкен саны 2026 жылдың көктемінде 4,7 миллионға жеткен. Қар барысының популяциясы шамамен 190 басқа дейін өскен. Сондай-ақ тұран жолбарысын табиғи ортаға қайтару және Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Каспий итбалығының саны соңғы жүз жылда 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайғаны айтылды. Қазақстан Президенті Каспий маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қауымдастықты теңіз экожүйесін қорғау жөніндегі бірлескен шараларды күшейтуге шақырды.

Ольга Спирина табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет деп санайды. Ол экологтар мен басқа да сарапшылардың ұсыныстарын тиісті мекемелерге жеткізу қажет екенін айтты.

«Егер экологтар мен осы саланың мамандарында нақты ұсыныстар болса, оларды тиісті институттарға, соның ішінде Халық Кеңесіне жолдауға болады. Пайдалы ұсыныстарды қарастырып, жүзеге асыруға мүмкіндік бар», - дейді Ольга Спирина.