«Қазақстанда цифрлық құжаттар қағаз нұсқамен тең бе»: телефон жоғалса, азаматтар жеке басын қалай растай алады

Автор: Махан Миражан

Digital Rights Center Qazaqstan директоры Дана Өтеген цифрлық құжаттарды пайдаланудың құқықтық негіздерін түсіндіріп берді

Фото: ЖИ

Қазақстанда цифрлық құжаттарды пайдалану күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келеді. Азаматтар eGov Mobile қосымшасы арқылы жеке куәлігінің электронды нұсқасын көрсетіп, бірқатар қызметтерді қағаз құжатсыз ала алады. Дегенмен цифрлық құжаттардың заңдық күші, оларды қабылдаудан бас тарту және биометриялық тексеруден өту талаптарына қатысты сұрақтар әлі де өзекті. Осы тұрғыда Digital Rights Center Qazaqstan директоры Дана Өтеген цифрлық құжаттарды пайдаланудың құқықтық негіздерін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Маманның айтуынша, цифрлық құжаттарды қолдану мәселесін азаматтардың цифрлық құқықтарымен байланыстыра қарастыру қажет.

Цифрлық құжаттардың заңдық күші қандай

Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің 62-бабына сәйкес, цифрлық құжаттар қағаз құжаттармен тең заңдық күшке ие. Бұл азаматтарға жеке куәліктің электронды нұсқасын тиісті қызметтерді алу кезінде пайдалануға мүмкіндік береді.

«Цифрлық құжаттар қағаз құжаттармен тең заңдық күшке ие. Бұл Цифрлық кодекстің 62-бабында бекітілген. Мысалы, азамат жеке куәлігін үйде қалдырса, eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық нұсқасын пайдалана алады. Сондықтан қағаз құжаттың болмауы оның цифрлық нұсқасын жарамсыз етпейді», - деп түсіндірді Дана Өтеген.

Сарапшының айтуынша, цифрлық құжаттар ХҚКО-ларда, банктерде, әуежайларда, теміржол вокзалдарында және басқа да мекемелерде қағаз құжатқа сияқты, тең күшке ие. Қазақстан ішіндегі әуе рейсіне тіркелген кезде немесе пойызға мінген кезде цифрлық жеке куәлікті көрсетуге болады. Құқық қорғау органдары да жеке басты анықтау кезінде құжаттың түпнұсқасын тексере алады.

«Алайда цифрлық құжаттың заңдық күші бар болуы оны барлық жағдайда кез келген рәсімге қолдануға болады дегенді білдірмейді. Кейбір қызметтерге қатысты арнайы талаптар болуы мүмкін. Мәселен, халықаралық сапар кезінде шекарадан өту үшін тиісті паспорттың түпнұсқасы қажет», - дейді маман.

Биометриялық тексеруден бас тартуға бола ма

Дана Өтеген азаматтарды цифрлық сәйкестендіру және биометриялық аутентификациядан өткізу мәселесінде заңда белгіленген талаптарды ескеру қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, жаңа Цифрлық кодекстің 40-бабында заңда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, адамды цифрлық сәйкестендіруден өтуге мәжбүрлеуге болмайтыны жазылған. Ал 48-бапта міндетті биометриялық аутентификация заңда белгіленген жағдайларда қолданылатыны қарастырылған.

«Егер азамат белгілі бір қызметті алу кезінде биометриялық аутентификациядан өтуді қаламаса, заңда мұндай міндет көзделмеген жағдайда, оның жеке басын растаудың балама тәсілдерін пайдалану мүмкіндігі болуы тиіс», - дейді сарапшы.

Оның пікірінше, кейбір жағдайларда азамат eGov Mobile немесе банк қосымшаларындағы ресми цифрлық жеке куәлікті пайдалана алады. Алайда бұл құжат барлық жағдайда міндетті биометриялық тексеруді алмастырмайды.

«Цифрландыру азаматтарды биометриялық деректерін кез келген жағдайда ұсынуға мәжбүрлеудің құралына айналмауы тиіс. Егер қызметті қауіпсіз әрі заңды балама тәсілмен көрсету мүмкін болса, азаматқа таңдау құқығы берілуі қажет», — деп атап өтті Дана Өтеген.

Сонымен қатар қаржы секторында арнайы талаптар бар. Мысалы, банк шотын қашықтан ашу, мобильді банкингке алғаш тіркелу және заңнамада белгіленген өзге де операциялар кезінде биометриялық аутентификация міндетті болуы мүмкін. Сондықтан әр қызметке қатысты талаптарды жеке қарастыру қажет.

Цифрлық құжатты қабылдамаса, қайда шағымдануға болады

Егер мекеме қызметкері цифрлық құжатты қабылдаудан бас тартса, азамат бас тартудың нақты себебін анықтап, қағаз құжатты міндетті түрде ұсынуды талап ететін құқықтық негіздің бар-жоғын сұрай алады. Егер заңнамада қағаз нұсқаны міндетті түрде көрсету талабы болмаса, цифрлық құжатты негізсіз қабылдамау заң бұзушылық болуы мүмкін.

Дана Өтеген мұндай жағдайда азаматтарға өз құқықтарын қорғаудың бірнеше жолын ұсынады.

«Қызметкер тек қағаз куәлікті талап етсе, азамат одан нақты құқықтық негізді көрсетуді сұрауға құқылы. Мұндай жағдайда мекеме басшылығына, тиісті бақылаушы органға немесе e-Otinish арқылы шағымдануға болады», - деп түсіндірді ол.

Сарапшы цифрлық құжатты ресми қосымша арқылы көрсетудің маңызын да атап өтті. Құжаттың жай скриншоты ресми сервисте ұсынылған және түпнұсқалығы тексерілетін цифрлық құжатпен бірдей мәртебеге ие болмауы мүмкін. Сондықтан жеке басты растау қажет болғанда eGov Mobile немесе тиісті ресми сервистің өзінде көрсетілген құжатты пайдаланған жөн.

Телефон жоғалса немесе қосымша ашылмаса не істеу керек

Цифрлық құжаттарды пайдалану ыңғайлы болғанымен, техникалық тәуекелдер де бар. Телефон жоғалса, қуаты таусылса немесе интернет болмағандықтан, қосымша істен шықса, азамат жеке басын растайтын куәліктерін көрсете алмай қалуы мүмкін.

Дана Өтегеннің пікірінше, цифрлық қызметтерді дамыту азаматтарды тек смартфонға тәуелді етпеуі керек.

«Мемлекеттің цифрлық қызметтерді дамытуы азаматтарды тек смартфонға тәуелді етпеуі тиіс. Цифрлық сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайда заңда белгіленген өзге тәсілдерді пайдалану мүмкіндігі сақталуы керек. Сондықтан маңызды сапарлар мен рәсімдер алдында телефонның қуатын тексеріп, қажет болған жағдайда жеке куәлікті де өзімен бірге алып жүру артық болмайды. Бұл цифрлық құжаттың заңдық күшіне күмән келтіру емес, техникалық ақаулардан туындауы мүмкін қолайсыздықтардың алдын алу амалы», — дейді ол.

Сарапшының сөзінше, цифрландырудың негізгі мақсаты - қызметтерді ыңғайлы ету ғана емес, азаматтардың құқықтарын сақтау.

«Цифрлық құқықтардың негізгі қағидаты - технологияның ыңғайлылығы ғана емес, адамның жеке өміріне қол сұқпаушылық құқығын және дербес деректерін қорғау», - деп атап өтті Дана Өтеген.

Оның пікірінше, егер заңнама белгілі бір жағдайда биометриялық аутентификацияны міндеттемесе, азаматқа жеке басын растаудың заңды балама тәсілдерін пайдалану мүмкіндігі берілуі қажет.

«Цифрландырудың мақсаты - азаматтарға қосымша міндет жүктеу емес, олардың құқықтарын жүзеге асыруды жеңілдету», - деп түйіндеді сарапшы.

Демек, цифрлық құжаттарды дамыту кезінде олардың қолайлылығымен қатар, азаматтардың таңдау құқығы, дербес деректерінің қауіпсіздігі және техникалық ақаулар туындаған кездегі балама мүмкіндіктері де ескерілуі тиіс.